Жылжымайтын мүлік салығы: қазақстандықтар нені білуі керек
Салық мөлшері мүліктің құнына байланысты есептеледі.
Қазақстандықтарға мүлік салығын тек пәтер үшін ғана емес, басқа да жылжымайтын мүлік нысандары үшін төлеу қажет екені ескертілді. Салық салынатын нысандардың қатарына жеке үйлер, саяжайлар, гараждар, автотұрақ орындары, қоймалар және жер учаскелері де жатады. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Қандай жылжымайтын мүлікке салық төленеді
Мүлік салығын жылжымайтын мүлікке меншік құқығы бар жеке тұлғалар төлейді.
Салық салынатын нысандардың қатарына мыналар кіреді:
- пәтерлер;
- тұрғын үйлер;
- бөлмелер;
- ғимараттар;
- саяжай құрылыстары;
- гараждар;
- автотұрақ орындары;
- шаруашылық және қызметтік үй-жайлар;
- қоймалар;
- жер учаскелері.
Бұл ретте көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер иелеріне үй орналасқан жер учаскесіндегі үлесі үшін бөлек салық төлеудің қажеті жоқ.
Мүлік салығы қалай есептеледі?
Салық мөлшері мүліктің құнына байланысты есептеледі.
Пәтерлер мен саяжай құрылыстарының құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы анықтайды. Әдетте бұл құн нарықтағы бағадан төмен болады.
Құны 2 миллион теңгеге дейінгі мүлікке салық мөлшерлемесі 0,05 пайызды құрайды. Мүліктің құны артқан сайын салық мөлшерлемесі де кезең-кезеңімен өседі.
Егер бір меншік иесіне тиесілі мүліктің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, салық мөлшері 2 946 600 теңге және 450 миллион теңгеден асқан соманың 2 пайызы көлемінде есептеледі.
Кімдерге жеңілдік беріледі
Салық заңнамасында азаматтардың жекелеген санаттарына мүлік салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған.
Олардың қатарында:
- Кеңес Одағының Батырлары және Социалистік Еңбек Ерлері;
- «Халық қаһарманы» атағының иегерлері;
- «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- кейбір көпбалалы аналар;
- бөлек тұратын зейнеткерлер бар.
Жылжымайтын мүлікті сатқанда не өзгерді
Мемлекеттік кірістер департаменті жылжымайтын мүлікті сату кезінде төленетін салыққа да тоқталды. Бұл салықты жыл сайын төленетін мүлік салығымен шатастырмау қажет.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап пәтер, үй, саяжай, гараж, автотұрақ орны, қойма немесе жер учаскесін сатқан кезде мүлік кірісі нысан меншік иесінің иелігінде екі жылдан аз уақыт болған жағдайда туындайды.
Бұл ереже жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін сатып алынған жылжымайтын мүлікке қатысты.
Ал 2026 жылға дейін сатып алынған нысандар үшін бұрынғы ең төменгі иелену мерзімі – бір жыл сақталады.
Коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатқан кезде салық иелену мерзіміне қарамастан құн өсіміне салынады.
Бұл ретте салық сатудың бүкіл сомасынан емес, сатып алу мен сату бағасының арасындағы айырмадан есептеледі.
Жеке табыс салығының мөлшерлемесі 8 500 АЕК-ке дейінгі құн өсіміне 10 пайыз, ал одан асатын сомаға 15 пайыз болып белгіленген.
Мүлік салығын қайдан тексеруге болады
Есептелген мүлік салығын e-Salyq Azamat қосымшасынан, eGov.kz порталынан және Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан тексеруге болады.
Егер салық бойынша берешек пайда болса, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Оның ішінде Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою да қарастырылған.