Жүрек ауруы және қатерлі ісік: Өскеменде 74 жастағы ақсақалға бір уақытта екі ота жасалды
Өскеменде жүрекке ота жасау алдында тексеру кезінде науқастан қатерлі ісік анықталған.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі облыстық аурухана дәрігерлерінің тәжірибесінде болған оқиға туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы YK-news.kz-ға сілтеме жасап.
Облыстық ауруханаға жүректің ишемиялық ауруының белгілерімен 74 жастағы ер адам шұғыл түрде жеткізілді. Коронарография коронарлық артериялардың айқын зақымдануын көрсетті. Кардиология бөлімінде ем алғаннан кейін науқасқа жоспарлы түрде аортокоронарлық шунттау ұсынылды.
«Ота алдындағы тексеру кезінде дәрігерлер сол жақ бүйректен түзілім анықтады. Онкоорталық мамандары оның ерте сатыдағы қатерлі ісік екенін растады және оны мүмкіндігінше тезірек хирургиялық жолмен емдеу қажет екенін айтты. Қиындық мынада болды: жүрек тамырларының мұндай жағдайында онкологиялық ота жасау жоғары қауіппен байланысты: ота жасау кезінде немесе наркоздан кейін жүректің тоқтап қалуына және ауыр асқынуларға дейін апаруы мүмкін еді», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Сонымен қатар ісікті алып тастауды кейінге қалдыру да қауіпті болды, себебі осы уақыт ішінде онкологиялық процесс үдеуі мүмкін еді: ісік ұлғайып, метастаз таралуы ықтимал. Осыған байланысты мультидисциплинарлық команда бір мезгілде екі отаны қатар жасау туралы шешім қабылдаған.
Дәрігерлердің мәліметінше, ота сәтті өтті. Оның көлемі мен күрделілігіне қарамастан, науқастың қалпына келуі тұрақты өтті: ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде болып, 17-ші күні оңалту орталығына ауыстырылды.