Жаңалықтар

Жоспарлаған тур жүзеге аспаса, ақшаны қалай қайтаруға болады

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген соң Көкшетау тұрғыны Біріккен Араб Әмірліктеріне жоспарланған сапары үшін төлеген 5,4 млн теңгесін қайтарып алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ҚҰЖАТТЫ ЖОҒАЛТПАУ КЕРЕК

Көкшетау қаласының тұрғыны БАӘ-ге туристік жолдамамен ұша алмай, сапар үшін төлеген 5,4 млн теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда туристік агенттік қаражатты бірден қайтарудан бас тартып, турды басқа күнге ауыстыруды немесе бірнеше ай күте тұруды ұсынған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Егер сапар жүзеге аспай қалса, ең алдымен турфирмаға немесе турагентке ақшаны қайтару туралы жазбаша талап жолдау қажет. Тек телефон арқылы сөйлесумен немесе мессенджердегі хат алмасумен шектелмей, нақты күні, сомасы және жағдайдың мән-жайы көрсетілген ресми өтініш жіберген дұрыс.

Сонымен қатар барлық құжатты сақтау маңызды: келісімшарт, ваучерлер, маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі, чектер және төлемді растайтын құжаттар. Егер талап арыз жіберілген болса, оның жолданғанын дәлелдейтін айғақ та болуы тиіс.

АҚША ҚАШАН ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Заңға сәйкес, турист сапар басталғанша туристік өнімнен бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда компания нақты жұмсалған шығындарды (егер олар құжатпен расталса) шегеріп, қалған соманы қайтаруға міндетті.

Ал егер келісімшартты орындау тараптарға мүмкін болмаса, төленген қаражат толық қайтарылуы тиіс. Сондықтан «ақша жоқ, бірнеше ай күтіңіз» деген уәж төлемді кешіктіруге негіз бола алмайды.

ТУРИСТІК ФИРМА БАС ТАРТУЫ МҮМКІН БЕ

Егер компания ақшаны өз еркімен қайтармаса, өз өңіріңіздегі сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдану қажет. Көкшетау тұрғыны дәл солай істеген. Нәтижесінде департаменттің араласқан соң сатушы өз міндетін орындап, 5,4 млн теңгені толық қайтарған.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда тұтынушының құқығын шектейтін шарттарды келісімшартқа енгізуге тыйым салынған. Бұл көрсетілмеген қызмет үшін ақшаны мүлде қайтармауды көздейтін тармақтарға да қатысты. Сондықтан «келісімшартта қайтару қарастырылмаған» деген сөз әрдайым заңды негіз бола бермейді.

Back to top button