Жолақы үш есе қымбаттаған: inDrive компаниясына агенттік ескерту жолдады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жолақының күрт қымбаттауына байланысты inDrive сервисіне жазбаша алдын ала ескерту жолдады. Бұған 11 қазанда «Яндекс Go» уақытша істемей қалған кезде жекелеген сапарлардың құны үш есеге жуық өскені туралы БАҚ хабарламалары негіз болған, деп хабарлайды Tizgin.kz агенттікке сілтеме жасап.
Сұраныс артып, бос көлік тапшы болған
2026 жылы 11 қазанда «Яндекс Go» сервисі істен шыққаннан кейін пайдаланушылар такси шақыруға арналған өзге платформаларға жаппай ауысқан. Соның нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артқан. Бұл сервисте сапар құны жолаушы мен жүргізушінің өзара келісімі арқылы белгіленеді. Бос көліктер тапшылығы туындаған кезде жүргізушілер ұсынған тарифтер де едәуір өскен. БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда жолақы үш есеге жуық қымбаттаған.
inDrive компаниясы жағдайды тұрақтандыру үшін комиссиясын міндетті салықтарды өтеуге жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін азайтқанын хабарлаған. Сондай-ақ сервис баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына шектеулер енгізген. Агенттік Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығында шоғырлану деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондықтан ведомство қызметтердің қолжетімділігі мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге ерекше мән беріп отыр.
Ескерту не үшін жасалды
Агенттік inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзуға және тұтынушылардың құқықтарын шектеуге әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы ескерткен.
«Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін ерекше маңызға ие. Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен өзге де күтпеген мән-жайлар кезінде тарифтердің күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Жазбаша алдын ала ескерту Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес жолданған.
Агенттік бұл шараның алдын алу сипатында екенін түсіндірді. Яғни ескерту inDrive тарапынан заңбұзушылық анықталғанын білдірмейді. Ол ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және нарықта адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.