Жаңалықтар

Жетісуда логистикалық компания 262,6 млн теңге айыппұл төледі

Жетісу облысында халықаралық мультимодальды логистика саласында жұмыс істейтін акционерлік қоғамның филиалына салынған әкімшілік айыппұл 262,6 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Прокуратура араласқаннан кейін мемлекеттік бюджетке қосымша 55,7 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Валютаны репатриациялау талабын орындамаған

Панфилов аудандық соты компания филиалын ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабы бойынша қаралған істе сот бастапқыда компанияға 206,9 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған.

Алайда прокуратура сот айыппұл мөлшерін белгілеу кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 44-бабында көзделген талаптарды толық ескермеді деген қорытындыға келген.

Айыппұл 55,7 млн теңгеге ұлғайтылды

Осыған байланысты Панфилов ауданының прокуратурасы сот қаулысына апелляциялық өтінішхат енгізді. Апелляциялық саты прокуратураның дәлелдерін негізді деп танып, әкімшілік айыппұл мөлшерін 206,9 млн теңгеден 262,6 млн теңгеге дейін ұлғайтты.

Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке бастапқы сомадан бөлек тағы 55,7 млн теңге өндірілді. Қазіргі уақытта компания 262,6 млн теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлды толық төлеген.

Жетісу облысының прокуратурасы мемлекет мүддесін қорғау және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.

Back to top button