$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Экономика

Жеті төлемнің орнына бір төлем: Қазақстанда кәсіпкерлерге жаңа сервис енгізілмек

Қазақстанда жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін төлейтін салықтары мен әлеуметтік төлемдерін есептеу тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Еңбекақы төлеу қоры бойынша міндеттемелерді автоматты есептеп, төлем құжаттарын өзі қалыптастыратын «Бір батырмамен есептеу» цифрлық сервисі әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жұмыс беруші қазір жеті төлемді бөлек есептейді

Бизнес-омбудсмен Қанат Нұровтың айтуынша, кәсіпкерлер үшін еңбекақы төлеу қорына салық салудағы негізгі мәселе міндетті төлемдердің көлемімен ғана шектелмейді. Оларды есептеу мен төлеудің өзі күрделі.

Қазір жұмыс беруші қызметкерлеріне байланысты салықтар мен әлеуметтік төлемдердің жеті түрін қатар есептеп, төлеуге тиіс. Оның үстіне әр төлемнің есептеу, есепке алу және есептілік жүргізу тәртібі бөлек.

Нұров мұндай әкімшілік жүктеме мен заңды еңбек құнының жоғары болуы бизнестің жалақыны «көлеңкеге» шығаруына экономикалық алғышарт қалыптастыратынын айтады. Сондықтан мәселені тек бақылауды күшейту арқылы шешу жеткіліксіз.

Осыған байланысты бизнес қолданыстағы бірыңғай төлем жүйесін кеңейтуді ұсынып отыр. Оның мөлшерлемесі 2026 жылы 24,8%. Қазір бұл тетік арнаулы салық режимін қолданатын микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жекелеген санаттарына қолжетімді.

Бизнес-омбудсмен бірыңғай төлемді жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміндегі субъектілерге де қолдануды ұсынған.

Салықты сервис өзі есептемек

Ұсыныс қазір мемлекеттік деңгейде пысықталып жатыр. Қанат Нұровтың мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қолдауынан кейін бастама талқылаудан практикалық әзірлеу кезеңіне өткен.

Соның негізгі тетіктерінің бірі – «Бір батырмамен есептеу» пилоттық жобасы.

Жоспар бойынша цифрлық сервис қызметкерлердің табысына қатысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептейді. Бұдан бөлек, жүйе қажетті төлем құжаттарын өзі қалыптастырып, оларды екінші деңгейдегі банктерге жолдауы тиіс. Яғни кәсіпкерге әр төлемді жеке есептеп, оған бөлек құжат дайындаудың қажеті азаяды.

Мақсат – бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту

Жобаның негізгі мақсаты – қолданыстағы салық рәсімдерін жай ғана электронды форматқа көшіру емес. Бастама еңбекақы төлеу қорына қатысты міндеттемелерді орындау процесін кәсіпкер үшін барынша қарапайым әрі түсінікті етуге бағытталған.

«Кәсіпкерлер үшін салық жүйесін реформалау мөлшерлемелер мен ережелерді өзгертумен ғана шектелмей, әкімшілік жүктемені нақты азайту арқылы да жүзеге асқаны аса маңызды», – дейді Қанат Нұров.

Оның пікірінше, есептеулер мен төлем құжаттарын автоматты түрде қалыптастыратын сервис кәсіпкерлердің өз бетінше атқаратын операцияларының санын айтарлықтай қысқартуы мүмкін.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button