Енді әлеуметтік желіде пікір немесе жазба жариялайтындар үшін жауапкершілік күшейеді. Атап айтқанда, жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Ведомство «цифрлық қауесеттер» қоғамға нақты қауіп төндіретінін ескертіп отыр.
«Пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Сөз бостандығы – шексіз еркіндік емес. Ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға сылтау бола алмайды. Кез келген таратылатын ақпарат тексерілген фактілерге негізделуі тиіс, болжамдар мен жорамалдарға емес. Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидаты», – делінген хабарламада.
НЕГЕ ҚАУІПТІ
Бас прокуратураның мәліметінше, тексерілмеген ақпарат:
– қоғамда дүрбелең туғызуы мүмкін;
– азаматтардың абыройы мен беделіне нұқсан келтіреді;
– мемлекеттік институттардың жұмысына әсер етуі ықтимал.
Сондай-ақ ведомство интернетте толық анонимділік болмайтынын еске салды.
«Интернеттегі кез келген әрекет «цифрлық із» қалдырады. Заманауи технологиялар ақпараттың таралу көзін анықтауға мүмкіндік береді, тіпті пайдаланушы көзге түспеймін деп ойлаған жағдайда да. Тәжірибе көрсеткендей, заңға қайшы жарияланымдар анықталып, олардың авторлары заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады», – делінген хабарламада.