Пікір

Жазушылар артқа қарай бергеннен арылу керек – Нұртөре Жүсіп (Видео)

Экс-сенатор қаламгерлер заман талабына сай шығарма жазу керек деп санайды

Экс-сенатор әрі журналист Нұртөре Жүсіп қазіргі қаламгерлер заман талабына сай қала мәдениетін сипаттап, тарихқа көп қарайлай бермеуі керек деп есептейді. Бұл жөнінде ол “Адырна” басылымына берген сұхбатында айтты.

Жазушыларымыз өткен күннің қасіреті мен батырларды жаза бермей, бүгінгі қала өміріне көшуі керек дейді Нұртөре Жүсіп.

“Позияда да, прозада да кездеседі: тарихи заман жайлы жазса, сол заманды аңсау, тағдыр тауқіметін, аштық пен шапқыншылықты айтып, әбден қорлық көрнген ұлтпыз дегендей сипатты байқауға болады. Бұл әрине, қазақта әсіресе қилы кезеңдер болды, әсіресе ХХ ғасырда алапат, реппессия, ашаршылық жылдары бар. Алаштың арыстарын алып кетті. Бізде тарихқа көбірек қарай беру байқалады”, – дейді ол.

Экс-сенатордың айтуынша, кейде бір батырды немесе биді аңыз әңгімелер арқылы бейнесін алып шығуға тырысатын қаламгерлер бар.

“Көлік жүргізгенде сіз үнемі артқа қарамайсыз ғой. Алға және екі қапталдағы айнаға қарап отырасыз. Сол секілді жазушылар да артқа қарай беру дегеннен арылу керек. Жаңа заман келді. Әдебиет формациясы өзгерістер уақытында урбанизацияны көрді. Қала мәдениеті қандай болуы керек? Қала халқының өмірі қандай? Қалаға келген қазақтар нені армандайды? Көшпелілік әрине, тарихымызда өтті. Қазақ тек көшпелі ұлт болды деген сөздің өзі сырттан таңылған деп ойлаймын”, – дейді ол.

Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, әлемдік жазушылар секілді біздің қаламгерлер де арамызда жүрген қарапайым халықтың тағдырын арқау етуі қажет. Сонау өткен тарихқа тамсана бергеннен бүгін ештеңе өзгермейді. Қазіргі қалалықтардың күнделікті тіршілігі мен ішкі арпалысы – жаңа заман кітаптарының басты сюжеті болуы тиіс.

Back to top button