Қазақстанда жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 мыңнан астам жатақхана орыны пайдалануға берілді. Жатақханадағы орындар ең алдымен әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға ұсынылады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның мәліметінше, елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және орын тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Қазақстанда жалпы саны 72 125 орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілген. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана бар.
Жатақханадағы орындарды бөлу кезінде әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Басымдық:
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге;
- мүгедектігі бар білім алушыларға;
- көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарға;
- ауылдан келген студенттерге;
- «Серпін» жобасы бойынша білім алып жүргендерге;
- қандастарға және өзге де әлеуметтік осал санаттағы студенттерге беріледі.
Студенттер қайда жүгінуі керек
Жаңа оқу жылында жатақханаға орналасуға байланысты мәселелерді жедел шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі ситуациялық және дағдарыс орталықтарын ашқан.
Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Ол студенттерге жатақханалардағы бос орындар туралы ақпарат береді. Ал М. Тынышпаев атындағы университет базасында құрылған дағдарыс орталығы төтенше немесе күтпеген жағдайларда білім алушыларды уақытша баспанамен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жатақханаға қатысты мәселе туындаған студенттер өз жоғары оқу орнындағы ситуациялық орталыққа немесе өңірлік студенттік омбудсмендердің тікелей желісіне хабарласа алады.
Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жатақханада тұратын жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар студенттерге 29 АЕК-ке дейін өтемақы қарастырылған. Бұл 2023 жылғы есеп бойынша 100 050 теңгеге тең.
Министрлік өкілдері студенттерді қиындықты өз бетінше шешуге тырыспай, жоғары оқу орнының әкімшілігіне, ситуациялық орталықтарға немесе студенттік омбудсмендерге жүгінуге шақырды.