Қазақстанның әртүрлі өңірінде соңғы қоңырауда көліктер шеруін өткізіп, құшаққа сыймайтын гүл сыйлап, тіпті тікұшақпен фотосессия жасаған мектеп түлектері әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Tizgin.kz тілшісі осы жағдайға қатысты елімізге танымал тұлғалардың пікірлеріне шолу жасады.
Кәсіпкер, қаржыгер Роза Әшірбаева мұндай даңғазалыққа жол берген ата-аналар екенін айтты.
«2026 жылғы мектеп түлектері ғаламторды жарып жатыр. Қорап-қорап гүл алған қыздар, ақ және қара түсті көліктермен шеру жасаған ұлдар… Сіздер оларға не үшін ашуланып жатырсыздар? «Мұндай даңғазалық кімге керек?» деген сұрақты неге жастарға емес, өздеріңізге қоймайсыздар? 500 адамға той жасап, отшашу жасап, «2 метрлік торттың бір бөлігін алдымен анаңа бересің бе, жұбайыңа бересің бе?» деп дауласқанда, тойға танымал әншілерді шақырғанда Сіздер басқалардың эмоциялық күйін ескердіңіздер ме? Балалар бұл әдетті кімнен үйренеді? Әрине, сіздерден үйренеді. Өздеріңіз сол тәрбиені көрсетіп, «Қазақтың тойы бітпесін» деп соңғы ақшаңызға, тіпті несие алып той жасайсың. Тойхана ішіне көлікпен кірген кезде оқуға түсе алмаған көршіңіздің баласын, олар төлей алмай отырған несиені ойламайсыз ғой. Енді келіп неге балаларыңызға таң қалып отырсыңдар? Барлық нәрсе отбасыдан басталады. Жастарды емес, өздеріңізді тәрбиелеңіздер», – деді Роза Әшірбаева.
Тележүргізуші, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы Facebook желісінде пікірімен бөлісті.
«Көргенімнен көрмегенім көп екен… Сөзім жоқ… Балаларына сыйлықты үйінде беруге санасы жетпеген мақтаншақ, дарақы ата-аналарға мектеп директоры, завучтар тоқтау салу керек қой. «Соңғы қоңырау» деген салтанатты жиын сенің сыйлық беріп мақтанатын жеке мерекең емес, сыйлығыңды үйіңде бер, айналайын” деп тоқтатпай ма? Министрлік, білім бөлімдері қалайша мұндайға жол беріп отыр? Жалпы, осындай адамдардың санасыздығына дарақылық қосылып, солар қоғамды тұңғиыққа сүйреп бара жатыр… Құдай артының қайырын берсін!» – деп жазды ол.
Психоаналитик Анна Құдиярова ата-ана баласын осылай қолпаштау арқылы даңғазалыққа тәрбиелеп жатқанын, әр нәрсенің өз мөлшері болу керектігін айтты.
«Бұл — материалдық құндылықтарды ғана насихаттау. Қытайда бір ай бұрын сән-салтанатты өмірді, қымбат көлік пен кемені насихаттайтын блогерлердің парақшаларын ескертусіз, бір-ақ күнде бұғаттап тастады. Қытай билігі блогерлердің тек байлықты, даңғазалықты насихаттауы “әлеуметтік үйлесімде өмір сүріп жатқан халыққа қауіп төндіру» деп бағалады.
Бұл — дұрыс құндылықтарды насихаттау үшін қолданған шара.
Ол біздің елде де осы шараны қолданса — артық болмайтынын айтты.
«Рухани құндылықтарды: қарапайымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық қасиеттерін, ысырап етпеуді насихаттауымыз керек. Мысалы, «Понттың қандай екенін көрсетеміз» деген мектеп түлектердің үйінде оқитын кітап бар ма? Қандай кітап оқып, қанша кітап оқып, қандай қорытындыға келген? Осы оқушылардың ата-анасының ішкі құндылықтары қандай? Олар балаларына нені үлгі етіп, нені рұқсат етіп отыр? Жылтырақ, сән-салтанат — сыртқы көрініс, ал ішкі күйі не болып жатыр? Мүмкін кеудесі қуыс ата-аналар өздерінің орындалмаған арман-тілектерін балалары арқылы орындап жатқан болар, бірақ әр нәрсенің өз мөлшері болу керек. Шектен тыс көп болса — не болса да уға айналады. Көп адам өзін жақсы көру дегенді дұрыс түсінбейді. Өзін құрметтеуді, жақсы көруді дұрыс түсінбейтін қаншама адам «Өзіңді құрметтеп – мына косметиканы сатып ал», «Өзіңді құрметтеп – мына қымбат киімді сатып ал», «Өзіңді құрметтеуді үйреніп, ең қымбат гүлді өзіңе сыйла» деген сияқты жарнаманың құрбаны болуда. Баласы жұрттан қалмасын деп қаншама отбасы қарыз, несие алған болар? Шынайы бай адам ел-жұртқа ештеңе дәлелдемейді. Абай атамыз айтқандай, толық адам ешқашан өзін сыртқы атрибутпен өлшемейді. Мысалы, америкалық медиамагнат Марк Цукерберг қанша жерден бай-қуатты болса да бір түсті футболка және джинсы шалбармен жүре береді. Ал биыл даңғазалықтан жарысқан мектеп түлектерінің ата-аналары балаларын неге үйретіп, неге дайындап жатыр?», – дейді ол.