Жәрдемақы мен зейнетақының 70%-ын пайдалану тәртібі өзгеретін болды
Елде мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін тұрғындарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өзгерістердің тиімділігі неде
Мұндай өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермей, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Қазір аталған орталықтарда тұратын азаматтардың тұруына және қажеттіліктеріне байланысты шығыстар мемлекет қаржысы есебінен толық өтеледі. Олардың тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік қызметтері мен медициналық көмек заңнамада белгіленген көлемде бюджет қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі.
Министрлік мәліметі
Еңбек министрлігі мәліметінше, қолданыстағы тәртіпке сәйкес зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бөлінеді.
Төлемнің 30%-ы тікелей азаматқа беріледі және оның жеке қаражаты болып қалады. Қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындарға, оның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады, – делінген ақпаратта.
Одан бөлек, толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар мемлекеттік бюджет есебінен өтеліп қойған көрінеді.
Осыған байланысты бір шығынды екі рет қаржыландыруға жол бермеу үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр, – делінген мәліметте.
Үнемделген қаражат қайда жұмсалады
Ескеретін жайт, азаматтың өзінде қалатын қаражат көлемі өзгермейді. Қазіргі тәртіпке сәйкес, тиісті зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажетіне жұмсау үшін беріледі.
Қалған 70%-ын мемлекет тарапынан бұрыннан қаржыландырылып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Маңыздысы сол, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейді. Азаматтардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері белгіленген тәртіпке сәйкес бұрынғыдай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі.
Зейнетақы қалай төленеді
Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқан соң немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.
Түйіні сол, азаматтардың қазіргі тәртіпке сәйкес өз қарамағында қалатын ақша үлесі, яғни, тиісті төлемнің 30%-ы сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға бағытталған.