Жақыныңыз ауруханаға түссе, хабарлама келеді: eGov-та жаңа сервис іске қосылды
Қазақстанда адамның шұғыл ауруханаға жатқызылғаны туралы жақындарына хабарлайтын тегін сервис іске қосылды. Жаңа қызмет eGov.kz порталында және eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.
Хабарлама кімдерге жіберіледі
Жол апатына ұшыраған, кенеттен денсаулығы сыр берген немесе басқа себеппен ауруханаға түскен адам жақындарына өздігінен хабарласа алмауы мүмкін. Жаңа сервис осындай жағдайда оның ауруханаға жатқызылғанын алдын ала таңдаған адамдарына хабарлауға мүмкіндік береді. Ол үшін пайдаланушы eGov арқылы үш адамға дейін сенімді байланыс тұлғасы ретінде тіркей алады. Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама сол адамдарға жіберіледі.
Сенімді адам 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Оны байланыс тұлғасы ретінде қосу үшін өзінің де келісімі қажет.
Сервисті Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп іске асырған. Мақсат — жақындарының болған жағдайдан тезірек хабардар болып, пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына жағдай жасау.
Сенімді адамды қалай тіркеуге болады
eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді адамдарды тіркеу қызметін таңдау қажет. Одан кейін хабарлама алатын адамның ЖСН-ін көрсету керек.
Пайдаланушы жеке деректерін өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұрау жібереді.
Көрсетілген адамға тіркелуге келісу немесе одан бас тарту ұсынылған SMS келеді. Ол жауап хабарламасында:
- келіссе — 911;
- бас тартса — 912 кодын жіберуі қажет.
Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.
Сенімді адам келісімін растағаннан кейін пайдаланушы сұрауға қол қояды. Осыдан соң тіркелген байланыс тұлғасы туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
eGov Mobile қосымшасында сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан. Мұнда да сенімді адамдарды тіркеу қызметін таңдап, осы рәсімнен өту қажет. Министрліктің ақпараттық жүйесінде өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін созылады. Тіркеудің ағымдағы мәртебесін eGov.kz порталындағы «Менің профилім – Жеке кабинет» бөлімінен, ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.