TOP-2Қоғам

Жапондар неге аз сөйлейді, ал қазақтар неге қонақжай: ғалым Hello kitty ойыншығы арқылы түсіндірді

Қазақстандық жас ғалым, PhD жапонтанушы әрі Жапония университетінде ғылыми қызметкер Олжас Бекенұлы Қуанбай жапондар мен қазақтардың айырмашылығы туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

High-context және Low-context мәдениеті

Олжас Бекенұлының айтуынша, тарихи мәдениеттануда екі ұғым бар:  High-context (жоғары контекст) – аз сөйлеп, ым-ишарамен, эмоциямен түсінісетін мәдениет және Low-context (төменгі контекст) – бәрін ашық, егжей-тегжейлі айтып сөйлесу арқылы түсінісетін мәдениет. Жапония астарлап сөйлеуге жақын халық болса, қазақ халқы астарлап сөйлеу мен ойын ашық жеткізетін мәдениеттің ортасындағы халық.

Hello kitty ойыншығында неге ауыз жоқ

Ол жапондар мен қазақтардың айымшалығын Hello kitty ойыншығы арқылы түсіндірді.

«Hello Kitty ойыншығының ауызы жоқ. Бұл жапон мәдениетімен және осы ойыншықтың ішкі философиясымен байланысты. Әр халықтың өзіне тән ерекшеліктері болады. Жапондар High-context (жоғары контекст), яғни ойын астарлап айтатын халыққа жатады. Олар аз сөйлейді, тіпті мүлдем сөйлеспеуге тырысады. Жапонояда тұратын кез келген адам мұны біледі. Ал мына Hello Kitty ойыншығы – бір-бірін үнсіз түсіне алатын адамдарға тән ойыншық. Бұл ойыншықта ауыз жоқ. Бала бұл ойыншыққа қандай көңіл-күймен қарайды – тура сол көңіл-күйді ала алады. Бала аталған ойыншыққа көңіл-күйсіз қараса – бұл ойыншықтың да көңіл-күйі жоқтай болып көқрінеді. Ал ойыншыққа көтеріңкі көңіл-күймен қараса – ойыншық оған қарап жымиып тұрғандай әсер береді. Жапондардың күріш егу мәдени шаруашылығы да – жоғары контактілі халық екенін дәлелдейді», – дейді ғалым.

«Біздің сөйлесіп, араласуымыз – үлкен территориядағы қашықтықтарды қысқарту үшін»

Оның айтуынша, қазақ халқы – көшпенді, ұлы дала халқы болғандықтан, High-context және Low-context ортасында тоғысқан этнопсихологиялық деңгейдегі халық.

«Біздің мақалдарымыз да соған сәйкес келеді. Мысалы, «Төсекте басымыз қосылмаса да, Төскейде малымыз қосылған» деген сөздің өзі осыны білдіреді. Қазақтар айдаладағы танымайтын адамды көргенде қонаққа шақырып, қымызын, тамағын беріп, күтіп алады. Ертеңінде оянған кезде ғана қонақтан кім екенін сұрайды. «Құдайы қонақ» деген бар, бір-бірімен танысып, араласқысы келіп тұрады, сол себепті қазақта той-томалақ көп. Біздің сөйлесіп, араласып тұруымыз – үлкен территориядағы қашықтықтарды қысқарту мақсатында болады. Бұл біздің генімізде бар. Ал жапондар өте тығыз орналасқан. Олар бір-бірін онша-мұнша көргісі келе бермейді. Оларда құшақтасып амандасу мәдениеті жоқ. Жапонияда шұғыл континенталды климат, сондықтан ол жақта тұратын адам монша ішінде жүргендей әсерде болады, киімдері денелеріне жабысып қалады. Ондай кезде арқадан қағып, құшақтасып амандасқанда қандай сезімде боласыз? Олар бір-бірінің бетінен сүйіп амандаспайды. Ал Қазақстанда олай емес. Қазақстанда құрғақ ауа райы. Қазақстанда арқа-жарқа болып, бір-бірімен құшақтасып амандасқысы келіп тұрады», – дейді ол.

Еске салсақ, Құрылтай депутаттарын сайлауы барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде пікірін айтқан болатын. Ол әйелдің еркекті, еркектің әйелді бетінен сүйіп амандасуы дұрыс емес екенін айтты.

Back to top button