$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Жаңадан енгізілген «Шәмші Қалдаяқов» медалі кімдерге беріледі

Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу көзделіп отыр. Тиісті мемлекеттік наградалар туралы заң жобасы Құрылтайдың алдағы отырысында бірінші оқылымда қаралады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленген. Оның негізгі мақсаты – мәдениет пен өнер қайраткерлерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалау және кәсіби қызметін ынталандыру.

«Шәмші Қалдаяқов» медалі кімдерге беріледі

Заң жобасында жаңа медальмен композиторларды, дирижерларды, ән авторларын, дәстүрлі және эстрада музыкасын орындаушыларды марапаттау ұсынылған. Сондай-ақ бұл награда музыка мен ән өнерін дамытуға үлес қосқан өзге азаматтарға да берілуі мүмкін. Осылайша, медаль ән орындаушыларымен қатар музыкалық шығармаларды жазып, сахнаға дайындайтын және музыка өнерінің дамуына еңбек сіңірген азаматтарды қамтымақ.

Суретшілерге жаңа құрметті атақ ұсынылған

Құжатта «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу де қарастырылған. Оны бұрын мемлекеттік наградаға ие болған суретшілерге, мүсіншілерге, кескіндемешілерге және бейнелеу өнерін дамытуға үлес қосқан өзге азаматтарға беру көзделіп отыр.

Әзірге бұл өзгерістер заң жобасы деңгейінде. Құрылтайдың алдағы отырысында депутаттар құжатты бірінші оқылымда қарайды.

Шәмші Қалдаяқов жайлы

Шәмші Қалдаяқов – қазақтың ең танымал композиторларының бірі. Ол «қазақ вальсінің королі» атанған.

Ол 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Кейін Ташкент пен Алматыда музыка мамандығы бойынша білім алды.

Қалдаяқов қазіргі қазақ эстрадасының қалыптасып, дамуына үлкен ықпал еткен өнер иелерінің бірі болды. Оның шығармаларында еуропалық вальс үлгісі қазақы әуенмен үйлесім тапты.

Композитордың ең танымал музыкасы – 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным». Уақыт өте бұл ән елдегі ең танымал туындылардың біріне айналды. 2006 жылы мәтініне өзгеріс енгізілгеннен кейін Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны ретінде бекітілді.

1991 жылы Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. 2022 жылы оған қайтыс болғаннан кейін Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

Back to top button