Білім

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда модерация алынып тасталады

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінде модерация жүргізу талабы алынып тасталады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мұғалімдердің жүктемесі жеңілдейді

Министрдің айтуынша, мұндай шешім педагогтерге түсетін артық жүктемені азайту мақсатында қабылданған. Талдау барысында модерацияның көп жағдайда формалды рәсімге айналып, мұғалімдердің уақытын алатыны анықталған.

«Екінші мәселе – ұстаздарымызға арналған сүйінші жаңалық. Жаңа оқу жылынан бастап модерация бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінен алынып тасталады. Біздің негізгі мақсатымыз – мұғалімнің жүктемесін жеңілдету. Модерацияның көп жағдайда формалды өтіп, педагогке шамадан тыс салмақ түсіргенін көріп отырмыз. Сондықтан биылдан бастап бұл талаптан бас тартамыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың жұмыстарын қайта талқылауға және нәтижелерін қосымша салыстыруға бұрынғыдай уақыт жұмсамайды. Алайда бұл оқушылардың білімін бағалау толығымен жойылады деген сөз емес. Өзгеріс бағалау жүйесіндегі қосымша рәсімге ғана қатысты.

Модерация деген не және ол не үшін енгізілді

Модерация – оқушылардың тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарын мұғалімдердің бірлесіп қарап, қойылған балдардың бағалау талаптарына сәйкестігін талқылау рәсімі. Оның негізгі мақсаты – бағалаудың әділ әрі ашық болуын қамтамасыз ету және әр мұғалімнің бірдей талапқа сүйенуіне жағдай жасау болатын.

Қолданыстағы тәртіп бойынша даулы жағдай туындаса, мұғалімдер оқушының тоқсандық жиынтық жұмысын қайта тексере алады. Модерация қорытындысымен қойылған балл жоғарылауы да, төмендеуі де мүмкін. Бұл рәсім бағалаудағы айырмашылықтарды азайту үшін енгізілгенімен, іс жүзінде кей мектептерде формалды сипат алып, педагогтердің қағазбастылығы мен жұмыс көлемін арттырған. Оқу-ағарту министрлігінің бағалау қағидалары бойынша модерация бағалаудың объективтілігі мен айқындығын қамтамасыз етуге арналған.

Back to top button