Без рубрики

Жамбылдағы сарбаз өлімі: рота командирі сот алдында жауап береді

Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметші Еркебұлан Рүстемұлының өліміне қатысты іс сотқа жолданды. Рота командиріне салғырттық танытты және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.

ІС СОТҚА ЖЕТТІ

Қайғылы оқиға 27 қаңтарда Гвардейск гарнизонында болған. Кезекшілік кезінде сарбаз өлімге әкелген жарақат алған. Тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жіберілді.

АЙЫПТАУ НЕДЕ

Прокуратура мәліметінше, рота командирі әскери бөлімдегі тәртіп пен қару-жараққа бақылауды тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.

«Тергеумен лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды. Қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды», – делінген хабарламада.

ҚАРСЫ УӘЖ

Айыпталушының туыстары бұл тұжырыммен келіспейді. Олардың айтуынша, офицердің әрекеті мен сарбаздың қазасы арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс жоқ.

ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСАДЫ

Іс сотқа берілгенімен, сарбаз өліміне қатысты басқа да мән-жайларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Back to top button