ГеосаясатЖаңалықтар

«Іс соған қарай бет алып келеді»: Ушаков Ресей-Украина соғысы аяқталуы мүмкін екенін айтты

Ресей президенті Владимир Путин 10 қарашадан кейін Ресей-АҚШ-Украина форматындағы келіссөзді қайта бастауға дайын екенін білдірді. Бұл туралы оның көмекшісі Юрий Ушаков Санкт-Петербургте өткен Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың кездесуінен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үшжақты келіссөз қашан жалғасуы мүмкін

Ушаковтың айтуынша, Путин Уиткоффпен кездесуінде Украина мәселесі бойынша үшжақты келіссөзді жалғастыруға әзір екенін жеткізген. Ресей тарапы оны қарашаның 10-ынан кейін қайта бастауды қарастырып отыр.

BILD-тің хабарлауынша, кездесуде Путинге Еуропалық одақ пен Украинаның жаңа ұстанымдары да таныстырылған. Алайда Ушаковтың сөзінше, Ресей президенті бұл ұсыныстарда қақтығысты реттеуге пайдалы тұстар аз деп бағалаған.

Сондай-ақ Ресей президентінің көмекшісі Путиннің америкалық өкілге майдан шебінің картасын көрсеткенін айтқан. Ушаков сол арқылы Ресей әскері бастаманы өз қолында ұстап отырғанын мәлімдеген. Кездесуде ықтимал Ресей-АҚШ экономикалық жобалары да талқыланған.

Ушаков соғыстың аяқталуы туралы не айтты

Ушаков Украинадағы соғыстың аяқталу перспективасына қатысты сұраққа да жауап берген. Оның бағалауынша, жағдай осы бағытқа қарай бет алып келеді.

«Қаншалықты жақындағанымызды білмеймін, бірақ іс соған қарай бет алып келеді», – деді Ресей президентінің көмекшісі.

Дегенмен Ушаков соғыстың нақты қашан аяқталуы мүмкін екенін айтқан жоқ. Оның мәлімдемесі Кремльдің бағасын білдіреді. Ал қарашаның 10-ынан кейін келіссөз өткізуге дайындық туралы сөз үш тараптың кездесу мерзімін түпкілікті келіскенін білдірмейді.

Back to top button