Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов Ирандағы теократиялық-авторитар жүйе ұзаққа бармайтынын, бүгінгі соққылардан соң процес тіптен жеделдеп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Иран режиміне мүмкіндік берілді. Келісімге келуге де, санкциялық қысымды жұмсартуға да шанс болды. Бірақ идеология прагматизмнен үстем тұрды, максималист болды. Ал максималисттер тарихта ылғи ұтылған. Өз халқының наразылығын аяусыз басып-жаншыған режимнің халық алдындағы ішкі легитимділігі әлсіреген сәтте сыртқы қысым күшейіп, екі есе соққы болып тиюде», – деп жазады ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Саясаттанушының сөзінше, АҚШ пен Израиль үшін Иран – Таяу Шығыстағы стратегиялық баланс мәселесі. Қытай сол аймақта ықпалын арттырса, Вашингтон үшін бұл жаһандық позициядан шегіну деген сөз. Сондықтан сарапшы ойын өте жоғары деңгейде жүріп жатқанын, АҚШ аймақты Қытайға бермейді.
«Қытай сатып алып отырған Иран мұнайы – геосаяси құрал. Оны кім бақылайды – соның салмағы артады. Трамп соны көздеп отыр. Режимнің ауысуы Каспийге жақын Орталық Азияға да әсер етеді. Маңайымызда белгілі трансформация орын алуы ықтимал», – дейді ол.
ИРАНҒА СОҚҚЫ
Израиль мен АҚШ бүгін Тегеранға қарсы алдын ала соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Israel басылымы. Иранның IRNA ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегеранның орталығында жарылыстар естіліп, қала үстіне екі түтін бағаны көтерілген.
«Израиль мемлекеті Иранға превентивті соққы жасады. Соның салдарынан жақын арада Израиль мемлекетіне қарсы зымырандық және ұшқышсыз аппараттармен жасалатын соққы күтіледі», — деп келтіреді телеарна министрдің сөзін.
Кац елде төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сиреналар қосылғанын және тұрғындарға паналау орындарының маңында болу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілгенін хабарлады.
Иран Израиль соққы жасаған соң АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады.