Ирандағы ахуалдан кейін Тоқаев бүкіл күштік құрылымдарын тәуліктік жұмыс кестесіне көшірді
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров шұғыл ақпарат таратты: Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды», – деп хабарлайды Айбек Смадияров.
ИРАНҒА СОҚҚЫ
Израиль мен АҚШ бүгін Тегеранға қарсы алдын ала соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Israel басылымы. Иранның IRNA ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегеранның орталығында жарылыстар естіліп, қала үстіне екі түтін бағаны көтерілген.
«Израиль мемлекеті Иранға превентивті соққы жасады. Соның салдарынан жақын арада Израиль мемлекетіне қарсы зымырандық және ұшқышсыз аппараттармен жасалатын соққы күтіледі», — деп келтіреді телеарна министрдің сөзін.
Кац елде төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сиреналар қосылғанын және тұрғындарға паналау орындарының маңында болу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілгенін хабарлады.
Иран Израиль соққы жасаған соң АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады.