TOP-2

Қазақстанда шоколад бағасы қымбаттап кетті

Ел аумағында шоколад бағасы рекордтық деңгейде қымбаттады. Жарты жылдың нәтижесін қарасақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға өсімін байқауға болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сарапшылар не дейді

Energyprom.kz сарапшылары мәліметінше, шоколад бойынша тұтыну бағаларының индексі 130,3%-ға жеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сарапшылар шоколад бағасының өсуі қарапайым азық-түлік инфляциясынан әлдеқайда жоғары екенін айтып отыр. Егер 2020-2021 жылдары шоколад жылына шамамен 8%-ға қымбаттаса, 2022 жылдан бастап баға өсімі айтарлықтай жылдамдаған.

Қымбаттауына негізгі себептердің бірі – Қазақстанның импорттық шоколадқа тәуелділігі. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында нарықтағы өнімнің шамамен 60%-ы шетелден жеткізілген.

Осы кезеңде елге 97,5 мың тонна шоколад пен кондитерлік өнім жеткізілсе, оның 58,5 мың тоннадан астамы импорт үлесіне тиесілі болған. Ал отандық кәсіпорындар өндірісті 39 мың тоннаға жеткізгенімен, бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Шоколадтың негізгі жеткізушісі кім

Соңғы жылдары елдің шетелдік шоколадқа тәуелділігі күшейген. Егер 2020 жылы импорт үлесі шамамен 50% болса, өткен жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 62%-ға жуықтады.

Қазақстанға шоколад жеткізетін негізгі ел – Ресей. Оның үлесіне импорттың 73,6%-ы тиесілі. Сарапшылар сөзінше, ресейлік өндірушілер де какао бұршағын сырттан алуға тәуелді. Әсіресе ТМД елдерінен келетін өнімдер бағасының өсуі нарыққа әсер етіп отыр.

Өндіріс артқанымен, экспортқа басымдық берілуде

Қазақстандық өндірушілер де өнім бағасын көтерген, алайда өсім импортқа қарағанда төмен. Маусым айының қорытындысында отандық өнім жылдық есеппен 9,2%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар қазақстандық фабрикалар экспорт көлемін ұлғайтып келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелге жөнелтілген өнім көлемі 25%-ға өсіп, 20,1 мың тоннаға жеткен.

Back to top button