Инвестиция тартуды Қазақстаннан үйрену керек – Қырғызстан депутаты
Қырғызстан Жоғарғы Кеңес депутаты Жылдыз Садырбаева елдің Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігіне инвестиция тарту ісінде Қазақстан мен Өзбекстан тәжірибесін үлгі қылу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
ДЕПУТАТ 5 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Оның пікірінше, Орталық Азияға тартылатын барлық инвестицияның шамамен 95%-ы Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Бұл туралы ол бүгін Жоғарғы Кеңестің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитеті отырысында мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, соңғы бес жылда Қырғызстанға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өзгеріссіз қалып отыр.
«Соңғы бес жылда, сіздердің деректеріңіз бойынша, ең көбі шамамен 1,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған… Сондықтан агенттік жұмысты тиімдірек жүргізіп, инвестиция тартуды жандандыруы тиіс», – деді Садырбаева.
БЫЛТЫР ҚАНША ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Ұлттық инвестициялар агенттігі төрағасының орынбасары Мээримбек Койчуманов бұл сұраққа жауап бере отырып, былтыр қаңтар-қыркүйек айларында елге 885 млн доллар инвестиция тартылғанын хабарлады.
«Өткен жылдың қаңтар–қыркүйек айларында көрсеткіш шамамен 885 млн долларды құрады. Жылдың қорытынды деректері кейінірек жарияланады, алайда осы жылдың бірінші тоқсанында 25,5% өсім тіркелді», – деді ол.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы Қырғызстанға 1,2 млрд доллар, ал 2022 жылы 1 млрд доллар инвестиция тартылған.