Сәтбаев қай клубта ойнайтын болды: «Халл Сити» емес
Scout in Eurasia Дастан Сәтбаевтың мансабына қатысты тың мәлімет бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Инсайдерлер не дейді
Дереккөздер бұған дейін БАҚ беттерінде тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Оған Франциядағы клубтардың бірі көз тігіп отырған көрінеді.
«Эксклюзив: Өкінішке орай, «Халл Сити» Дастан Сәтбаевқа қызығушылық танытып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазір оны жалға алу бойынша жарыста француздық «Страсбур» клубы көш бастап тұр», – деп жазады инсайдер.
Өткен аптада Сәтбаев «Челсидің» негізгі құрамымен бірге Австралия мен Азиядағы маусымаралық оқу-жаттығу жиынына қатысты. Ол бірнеше жолдастық кездесуге қатысып, клуб сапындағы алғашқы дебюттік голын да соққан болатын.
Келісімшарт қашан күшіне енеді
Сәтбаевтың «Челсимен» ресми келісімшарты 12 тамыз күні – футболшының кәмелетке толған күні күшіне енеді.
Бұған дейін кей дереккөздер Дастанның Ағылшын Премьер-лигасына қайта оралған «Халл Сити» клубына жалға берілуі мүмкін деп ақпар таратты. Дегенмен соңғы мәліметтер оның Франция чемпионатында (Лига 1) өнер көрсету ықтималдығы жоғары екенін көрсетеді.
«Страсбур» мен «Челси» клубын не байланыстырады
«Челси» мен «Страсбур» BlueCo атты холдиңге кіреді. 2022 жылы америкалық миллиардер Тодд Боэли мен «Clearlake Capital» қоры лондондық «Челсиді» сатып алған соң BlueCo холдингін құрды. Арада жыл өтіп, жаз айында компания француздық «Страсбур» клубы акцияларының бақылау пакетін (100%) сатып алды.
«Челси» – жүйенің флагмандық клубы саналады. Ал «Страсбур» – дарынды жас футболшыларды дамытатын, жоғары деңгейдегі (Францияның Лига 1 чемпионатында) серіктес клуб.
Жаттығу барысын бақылап отырады
Осы себепті Сәтбаевтың «Страсбурға» жалға берілу ықтималдығы жоғарылады. Қос клубтың да қожайындары, спорттық директорлары мен скауттық желiсi бiр.
«Челси» өзінің жас таланттарын бөтен клубқа бергенше, өз бақылауындағы «Страсбурға» жіберуді жөн көрген. Ойыншының жаттығу процесін, жүктемесі мен ойын уақытын «Челси» мамандары қадағалап отырады.