inDrive-ты Қазақстанға көшірген Арсен Томский Камила Лұқпановаға үйленді

inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский TANA қоғамдық қорының басшысы Камила Лұқпановаға үйленді. Жас жұбайлардың тойы 15 тамызда Ыстамбұлдағы Босфор бұғазының жағасында өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тойдан түсірілген суреттерді Арсен Томскийдің өзі және салтанатты кешке қатысқан қонақтар әлеуметтік желіде жариялады. Жас жұбайларды құттықтау үшін әлемнің әр түкпірінен олардың туыстары, достары мен іскерлік ортадағы таныстары келген. Қонақтар арасында Forbes Kazakhstan баспагері Арманжан Байтасов, инвестор Марғұлан Сейсембай, Technodom Operator компаниясының негізін қалаушы Эдуард Ким, Astana Group компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұлов және қазақстандық басқа да белгілі кәсіпкерлер болды.

«Жас жұбайларды осы маңызды оқиғамен құттықтау үшін әлемнің әр түкпірінен достары келді!» – деп жазды Арманжан Байтасов.
Тойдың алдында Арсен Томский мен Камила Лұқпанова жақындарына Босфор бұғазында яхтамен серуен ұйымдастырған. Ал биыл көктемде Камиланың туған жері Орал қаласында қазақтың дәстүрлі сырға салу және құда түсу рәсімдері өткен.

Камила Лұқпанова – Орал қаласының тумасы. Алматыдағы KIMEP университетінде білім алған. Ол 2023-2025 жылдары Almaty Tourism Bureau ұйымын басқарды. Сондай-ақ қалалық кеңістіктерді дамытуға бағытталған TANA қоғамдық қорының негізін қалаған.
Арсен Томский деген кім
Арсен Томский 1973 жылы 20 қарашада Якутск қаласында дүниеге келген. Математика мамандығын меңгерген ол кәсіпкерлік жолын бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін әзірлеуден бастаған. 1999 жылы SakhaInternet компаниясын құрып, кейін Якутиядағы ең танымал интернет-жобалардың біріне айналған Ykt.ru порталын іске қосты. 2013 жылы Томский жолаушы мен жүргізушіге жол жүру бағасын өзара келісуге мүмкіндік беретін inDriver сервисін құрды. 2022 жылғы ребрендингтен кейін компанияның атауы inDrive болып өзгерді.
Қазір компанияның ресми мәліметі бойынша, inDrive сервисі әлемнің 48 еліндегі 1200-ден астам қалада жұмыс істейді. Қосымшаны орнату саны 400 миллионнан асқан. 2021 жылы инвесторлар компанияны 1,23 млрд долларға бағалап, inDrive халықаралық «бірмүйіз» компаниялар қатарына қосылды.
Forbes Kazakhstan 2026 жылы Томскийдің дәулетін 865 млн долларға бағалады. Ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері тізімінде 12-орын алды.
inDrive Қазақстанға қалай көшті
inDrive Қазақстан нарығына 2014 жылы келді. Бұл компанияның Ресейден тыс жердегі алғашқы нарығы еді. Кейін Қазақстан сервис үшін Орталық Азиядағы ғана емес, халықаралық бизнестегі де маңызды тірекке айналды.
2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін компания Ресейдегі бизнесін сатып, негізгі қызметкерлерін өзге елдерге көшірді. Команданың басым бөлігі Қазақстанға қоныс аударды. Томскийдің айтуынша, сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусин кәсіпкерге хабарласып, компанияны Қазақстанға көшіруді ұсынған. Қызметкерлерді жеткізу үшін арнайы чартерлік рейс те ұйымдастырылған.
Алматы inDrive желісіндегі ең ірі кеңсе орналасқан қалаға айналды. Томский 2022 жылы берген сұхбатында Алматыдағы құрылымның жаһандық штаб-пәтер емес екенін, алайда компанияның ең үлкен операциялық орталығы болатынын нақтылаған. Қазір Алматыда inDrive-тың екі кеңсесі, ал Астанада тағы бір кеңсесі жұмыс істейді. Қазақстандағы қызметкерлер саны мыңға жуықтайды. Осылайша, Қазақстан компанияның заңды штаб-пәтері емес, негізгі операциялық базасы мен ең ірі хабына айналды. 2023 жылдың соңында Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды. Кәсіпкер содан бері Қазақстанды inDrive-тың көптеген халықаралық бастамасы бастау алатын негізгі ел ретінде атап келеді.