ІІМ жүргізушілерге жаңа талаптарды жариялады: кімдер қайта емтихан тапсырады
25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Ішкі істер министрлігі жаңа талаптардың негізгі бағыттарын түсіндіріп, олардың кімдерге қатысты екенін жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ІІМ мәліметінше, жаңа өзгерістерге сәйкес 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуге міндетті.
Медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
ІІМ бұл талап тек 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтті.
Жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты.
Министрлік мәліметінше, заңда көзделген жағдайларда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін.
Мұндай бұзушылықтарға:
* жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу;
* белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру;
* маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу жатады.
Бұл талап барлық жүргізушілерге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
Сонымен қатар жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да оның көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.
Мас күйде көлік жүргізгендерге жаза күшейтілді
ІІМ мәліметінше, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік те күшейтілген.
Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны 8 жыл бойы ала алмайды.
Министрлік енгізілген өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Осыған байланысты ІІМ барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, ал жаңа талапқа жататын жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге шақырды.