Хантавирус инфекциясы: қазақстандықтарға ескерту жасалды
Хантавирус инфекциясы – адамға кеміргіштер арқылы жұғатын қауіпті вирустық ауру.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын қазақстандықтарға хантавирус инфекциясының елге әкеліну қаупіне байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомствоның мәліметінше, хантавирустық инфекция — адамға негізінен кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс арқылы жұғатын қауіпті вирустық ауру. Ол бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызбаны және хантавирустық өкпе синдромын тудыруы мүмкін.
Вирус ағзаға шаң, тағам, су, кеміргіштердің шығуы арқылы түсуі мүмкін.сОсыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын азаматтарға келесі алдын алу шараларын ұсынады.
-
кеміргіштермен байланыстан аулақ болу, олардың мекен етуі мүмкін орындарға бармау;
-
кеміргіштермен ластануы мүмкін тағам мен суды пайдаланбау;
-
бейберекет және көше сауда орындарында тамақтанудан бас тарту, азық-түлікті тығыз жабылатын ыдыста сақтау;
-
жабық орындарда алдын ала желдету жүргізіп, дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалау жасау, тазалау кезінде қолғап пен маска қолдану;
-
адамдар көп жиналатын жерлерде арақашықтық сақтау, маска мен дезинфекциялау құралдарын пайдалану, қол гигиенасын сақтау.
Сондай-ақ, ведомство шетелден оралғаннан кейін 1–8 апта ішінде әлсіздік, жоғары температура, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, шетелде болғаны туралы міндетті түрде хабарлау керектігін атап өтті.