«Ханның рухын қорлау үшін»: Астанада қырғызстандық қыздар қазақ ханына тіл тигізді
Астанада алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген қырғызстандық студент қыздардың Кенесары хан туралы айтқан сөзі әлеуметтік желіде дау туғызды. Тікелей эфирден тараған видео Қазақстан мен Қырғызстандағы пабликтерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біз одан шарап ішеміз»
Тараған видеода студент қыздар қазақтар жайлы және Кенесары хан туралы әңгімелеседі.
«Біз одан шарап ішеміз. Ханның рухын қорлау үшін ішуіміз керек, осылайша оны түбегейлі құртуымыз керек», – дейді олар эфирде.
Сондай-ақ олар қырғыздар ханның басын бермейтінін айтып, мұны «дәстүр бойынша жауға бастың өзін беруге болмайды» деп түсіндірген. Екеуінің бұл сөздері желі қолданушыларының наразылығын туғызған.
Эфирге қатысқан басқа адамдар студенттердің сөзіне бірден қарсылық білдірді. Олардың бірі Қазақстанда жүріп, қазақ тарихындағы тұлға туралы мұндай пікір айтудың орынсыз екенін, оларды оқудан шығаруы мүмкін екенін жеткізген.
Желі қолданушылары талабы
Видео тарағаннан кейін қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары студенттердің сөзіне қатысты тиісті баға беруді, кешірім сұратуды талап ете бастады.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі мұндай мәлімдемелер қазақ-қырғыз қарым-қатынасына кері әсер етіп, екі халықтың арасына іріткі салуы мүмкін екенін жазды.
Әзірге студенттер білім алып жүрген оқу орнының немесе Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің бұл жағдайға қатысты ресми түсініктемесі туралы ақпарат жоқ.