Жаңалықтар

Халық кеңесі құрылады: ол қандай ұйым әрі оның құзіреті қандай болмақ

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Халық кеңесі» қандай ұйым

Заң жобасын Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Оның айтуынша, жаңа құрылым «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейту үшін құрылмақ.

Министрдің сөзінше, «Халық кеңесі» жоғары конституциялық консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Алайда ол мемлекеттік органдардың жұмысын алмастырмайды және олардың функциясын қайталамайды.

«Бұл орган ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейтін алаңға айналады», – деді Сәрсембаев.

Жобаға сәйкес, Кеңестің негізгі органы – Сессия болады. Ал сессиялар арасындағы жұмысты тұрақты Төралқа жүргізеді. Сонымен қатар комитеттер, салалық комиссиялар және жұмыс топтары құрылмақ.

Кеңес құрамына кімдер кіреді

«Халық кеңесінің» құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді деп жоспарланып отыр.

«Халық кеңесінің» құзыреті

Жаңа органға бірқатар маңызды өкілеттік беру ұсынылған.

«Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі өкілеттіктеріне ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөніндегі бастамаларды көтеру, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға қатысу жатады. Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауға бағытталған», – дейді Сәрсембаев.

Сонымен қатар «Халық кеңесіне» Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру функциясын беру де қарастырылған.

Back to top button