«Хайп қуған дүниелер талқыланатын»: Еспаева журналистерге қойылған шектеуге жауап берді
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Құрылтай депутаттарына журналистердің кулуарда тікелей сұрақ қою мүмкіндігі неліктен шектелгенін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аталмыш мәселені Құрылтайдағы брифингте журналист Ботагөз Омарова көтерді. Ол кулуардың неліктен қысқартылғанын сұрап, мұның сөз бостандығына тікелей қатысты мәселе екенін айтты.
«Мұны сұрамасам, өзімді сыйлаудан қаламын. Айтыңызшы, не болды? Неліктен кулуарды қысқарттыңыздар? Біздің өткір сұрақтарымыздан қорқасыздар ма, әлде журналистердің мұндай сұрақтарды еркін қойғаны ұнамай ма?» – деп сұрады журналист.
«БАҚ-ты шектеген жоқпыз»
Сұқраққа жауап берген Дания Еспаеваның айтуынша, БАҚ жұмысына шектеу қойылған жоқ, жаңа тәртіп журналистердің назарын «хайп қуған» тақырыптардан Құрылтайда қаралатын заң жобаларына аударуды көздеп отыр.
Сөзінше, Құрылтай – жоғары заң шығарушы орган. Сондықтан пленарлық отырыс күндері БАҚ назары депутаттардың жеке басына қатысты тақырыптарға емес, сол күні қаралатын заң жобаларына көбірек аударылуы керек.
«Кем дегенде бүгін біз сіздермен кімнің қандай аяқкиім алғысы келгенін, кімнің қандай сөмке ұстайтынын талқылаған жоқпыз. Түсінесіздер ме? Негізінен, осындай хайп қуған дүниелер болатын. Ал халық үшін бүгін қандай заңдардың қабылданып жатқаны маңызды», – деді Еспаева.
Вице-спикердің пікірінше, азаматтар Құрылтай қабылдайтын заңдар туралы барынша толық ақпарат алуы тиіс. Жаңа жұмыс форматы да осы мақсаттан туындаған.
Депутатқа сұрақ қалай қойылады
Журналистердің депутаттарға қолжетімділігіне қатысты Еспаева кез келген БАҚ өкілі Құрылтайдың баспасөз қызметі арқылы халық қалаулыларына сұрақ қоя алатынын мәлімдеді.
«Әрқайсыңыз Құрылтайдың баспасөз қызметі арқылы 145 депутаттың кез келгеніне қандай да бір сұрақ қоюға немесе сұхбатқа шақыруға құқылысыздар», – деді ол.