Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары басталды. Tizgin.kz осы сапарды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің көлемі бойынша әлемдегі төртінші экономика мен (АҚШ, Қытай Үндістаннан кейін) Қазақстан арасындағы алыс-берісті сараптап көрді.
2011-2025 жылдары Қазақстан Германияға шамамен $9,65 млрд көлемінде тауар экспорттаған. Осы кезеңде Германиядан Қазақстанға келген импорт $33,63 млрд болды. Сонда 15 жылдағы тауар айналымы $43,28 млрд-қа жетеді.
Басқаша айтсақ, осы кезеңде Қазақстанның Германиядан сатып алған тауары елдің Германияға сатқан тауарынан шамамен 3,5 есе көп болды.
1 миллиард доллардың экспорт межесі
2011 жылы Қазақстанның Германияға экспорты $1,28 млрд болды. 2012 жылы ол $1,39 млрд-қа жетті. Кейін көрсеткіш ұзақ уақыт бойы миллиард долларлық межеге қайта жете алмады.
2013 жылы экспорт $428 млн-ға түсті. 2016 жылы небәрі $262 млн болды. 2020 жылы көрсеткіш $248 млн шамасында қалды. Одан кейін экспорт біртіндеп өсе бастады: 2022 жылы – $531 млн, 2023 жылы – $741 млн.
Миллиард долларлық экспорт межеге Қазақстан тек 2024 жылы қайта шықты – $1,161 млрд. 2025 жылы экспорт тағы өсіп, $1,247 млрд болды.
Осылайша 2024-2025 жылдары Қазақстанның Германияға экспорты $86,4 млн-ға немесе 7,4% артқан.
Бірақ соңғы екі жылдағы өсімнің сипаты ерекше.
Мұнай факторы
2024 жылы Германияға экспорттың ең ірі позициясы шикі мұнай болды. Мемлекеттік кркістер комитетінің дерегінде оның көлемі $927,1 млн деп көрсетілген. Бұл сол жылғы Қазақстанның Греманияға жасаған экспортының шамамен 80%-ын алып тұр.
Екінші ірі позиция – ферроқорытпа. Оның экспорты $95,3 млн болды. Одан кейін сутек, инертті және басқа газдар – $39,9 млн.
2025 жылы жалпы экспорт $1,247 млрд-қа дейін өсті. Мұнай үлесі $977 млн болды. Бұл экспорттың шамамен 78%-ы еді.
Ферроқорытпа экспорты $72,1 млн, газдар – $39,9 млн болды. Сонымен бірге турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар мен басқа газ турбиналарының экспорты $38,8 млн-ға жетті. Ұшу аппараттарының экспорты $18 млн, электр сымдары мен кабельдер – $14,7 млн болды.
Демек 202-2025 жылдардағы өсім Қазақстанның Германияға экспортын әртараптандырудан гөрі, ең алдымен мұнай жеткізілімдерінің жоғары деңгейде сақталуымен байланысты.
Бұл жерде бір қызық салыстыру бар. 2011 жылы да экспорт $1 млрд-тан асқан еді. Бірақ ол кездегі құрылым қазіргіге ұқсамайды.
2011 жылғы экспорттың құрылымы қандай еді?
2011 жылы Германияға $1,278 млрд тауар экспортталды.
Оның ішінде:
- ферроқорытпа – $527,7 млн;
- мұнай-газ – $250,1 млн;
- күміс – $125,7 млн;
- шикі мұнай – $116,2 млн;
- сутек, инертті және басқа газдар – $78,9 млн.
Яғни сол кездегі миллиард долларлық экспорт бірнеше ірі тауар тобына бөлінді. Ферроқорытпа бірінші орында тұрды, ал мұнайдың үлесі қазіргі деңгейден әлдеқайда төмен болды.
2025 жылғы жағдай басқа. Экспорт көлемі 2011 жылғы деңгейден аса қатты өзгермегенімен, оның негізгі бөлігін жалғыз мұнай беріп отыр.
Бұл Қазақстанның Германия нарығындағы экспорттық байланысының соңғы жылдары көлем жағынан емес, құрылым жағынан өзгергенін көрсетеді.
Германиядан сатып алатын тауар көлемі әлдеқайда үлкен
Қазақстанның Германиядан импорты 2011 жылы $2,08 млрд болды. 2025 жылы бұл көрсеткіш $3,14 млрд-қа жетті.
15 жыл ішінде Германиядан келген импорттың негізгі сипаты да сақталды: Қазақстан бұл елден көбіне дайын өнім, техника, жабдық, медицина және машина жасау өнімдерін сатып алады.
2025 жылы ең ірі импорт позицияларының қатарында:
- дәрі-дәрмек – $358,5 млн;
- электр генераторлық қондырғылар мен айналмалы электр түрлендіргіштері – $322,6 млн;
- жеңіл автомобильдер – $96,6 млн;
- ауыл шаруашылығы машиналары – $83,7 млн;
- тіркемелер мен жартылай тіркемелер – $80,5 млн;
- бу қазандары – $79,6 млн;
- қан, сарысу және иммунологиялық өнімдер – $66,5 млн;
- медициналық жабдық – $63,7 млн болды.
Бұл жерде екі ел арасындағы сауданың құрылымдық айырмасы анық көрінеді. Қазақстан Германияға негізінен шикізат пен металлургия өнімдерін шығарады. Ал ол жақтан дәрі-дәрмек, электр жабдығы, автомобиль, өндіріс және ауыл шаруашылығы техникасы сияқты дайын технологиялық өнімдер келеді.
Қазақстанның сауда саясатындағы Германияның орны
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы Германия Қазақстанның сегізінші ірі сауда серіктесі болды. Оның алдында Қытай ($34,150 млрд), Ресей ($27,4 млрд), Италия ($16,914 млрд), Нидерланд ($6,333 млрд), Түркия ($5,412 млрд), Франция ($4,851 млрд), Өзбекстан ($4,802 млрд), Нақты айтсақ, Германиямен 2025 жылғы тауар айналымы $4,386 млрд болды. Оның $1,247 млрд-ы Қазақстан экспортына, $3,139 млрд-ы импортқа тиесілі. Яғни Германия Қазақстан үшін тек Еуропадағы маңызды серіктес емес, жалпы сыртқы саудадағы ірі нарықтардың бірі.
Қазақ-алман достығын «Дружба» үзе ала ма
Ресми дерек бойынша, 2026 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанның Германияға экспорты $840,1 млн болды. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш $728,9 млн еді. Ал Германиядан импорты $1,73 млрд. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда экспорт 15,3% өскен, импорт іс жүзінде өзгермеген. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 4,4% артты.
Экспорттың өсуіне ең алдымен шикі мұнай әсер етті. 2026 жылдың алғашқы жеті айында Германияға мұнай экспорты $719,3 млн болды. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш $569,8 млн еді. Яғни мұнай экспорты бір жылда $149,5 млн-ға өскен.
Бұдан кейін ферроқорытпа тұр, оның экспорты $41 млн болды. Сутек, инертті және басқа газдар экспорты $28,9 млн-ға жетті. Оқшауланған сымдар мен кабельдер – $10,8 млн, бағалы металдардың қалдықтары мен сынықтары – $5,2 млн болды.
Импорт жағында картина басқаша. Қазақстан Германиядан қаңтар–шілдеде $1,73 млрд тауар алды. Ең ірі позиция – дәрі-дәрмек, оған $175,6 млн жұмсалды. Одан кейін электр генераторлық қондырғылар мен айналмалы электр түрлендіргіштері – $150,1 млн, жеңіл автомобильдер – $100,4 млн.
Сондай-ақ ыдыс жуатын және орау жабдықтары $84,1 млн, ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау және бастыру машиналары $60,4 млн, қан, сарысу және иммунологиялық өнімдер $55,2 млн болды.
Кейінгі екі жылда Қазақстаның Германияға экспортын арттырған мұнай саудасы Атырау-Самара бағыты бойынша «Дружба» құбыры арқылы тасымалданған. Бірақ Ресейдің біржақты шешімі бойынша достықтың атын ту еткен құбыр Қазақстанға аяқ астынан қолжетімсіз болып шыға келген. Соның салдарынан Қазақстан шілде мен тамызда Германияға мұнай экспорттау жоспарында іркіліс тіркелетінін ресми мәлімдеген.
Келер жылы соңғы кезеңдегі 1 млрд доллардан асатын импорт динамикасы сақтала ма? Оның жауабы да «Джурба» құбырының тағдыры сияқты, мәскеудің қолында тұр.