$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Шикізат жеткізумен ғана шектелмейді: Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды

Қазақстан Германияға стратегиялық маңызы бар материалдар саласында серіктестік орнатуды ұсынады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қыркүйекте Германияның «Handelsblatt» басылымында жарияланған мақаласында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Tizgin.kz мақаланың толық аудармасын ұсынады.

Екі елді не байланыстырады

Қазақстан Еуропа үшін стратегиялық маңызы бар 34 түрлі шикізаттың 21 түрін өндіреді. Мемлекет басшысы Берлинге бірлескен өндіріс пен қосылған құн қалыптастыратын тізбектер құруды ұсынды.

Саясаттағы сияқты экономикада да сенім – капитал, ал сенімділік – оның ең жоғары формасы. Халықаралық тұрақсыздық күшейіп отырған кезеңде мұндай қарым-қатынастардың маңызы арта түсуде.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің берік негізін қалыптастырып, стратегиялық әріптестіктің сенімді құрылымын құрды. Оның негізін сындарлы саяси диалог, келісімдерді жүйелі түрде жүзеге асыру және нақты нәтижеге бағытталған ұстаным құрайды.

Қазақстан үшін Германия – тек негізгі сауда серіктесі әрі ірі инвестор ғана емес. Екі елді ортақ экономикалық мүдделер және халықаралық құқықты ұстану қағидаты байланыстырады.

Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс тұрады

Бүгінде екіжақты ынтымақтастық ортақ күн тәртібінен әлдеқайда асып түсті. Ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көпірге айналып, Еуразия кеңістігіндегі экономикалық тұрақтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көлік байланысын нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Ынтымақтастықтың берік негіздерінің бірі – халықтар арасындағы терең байланыстар. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс тұрады, ал Германияда елімізден шыққан миллионнан астам адам бар. Ортақ тарихи жады мен мәдени дәстүрлер халықтарымызды жақындастыра түседі.

Дәл осы негіз болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді, сондықтан Германияға қазіргі сапарымды стратегиялық әріптестігіміздің жаңа тарауын ашуға, жаңа даму нүктелерін айқындауға және бірлескен жұмысқа қосымша серпін беруге мүмкіндік ретінде қарастырамын.

Бұл үшін барлық қажетті алғышарт бар. 2025 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 9 млрд долларға (7,9 млрд еуро) жетті. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1000-нан астам кәсіпорын тіркелген.

Сонымен қатар, Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру және қосылған құны жоғары өнім өндіру бағытында айтарлықтай әлеуетке ие.

Біз Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізе аламыз.

Ең үлкен мүмкіндіктер металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машина жасау салаларында шоғырланған. Критикалық минералдар саласында күш біріктіру де өзекті бағыт болмақ.

Энергетикалық көшу мен цифрландыруға қажетті стратегиялық ресурстар

Қазақстан қазірдің өзінде Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар 34 түрлі шикізаттың 21 түрін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл материалдар энергетикалық көшуге, машина жасауға, өнеркәсіптік өндіріске, микроэлектроника мен цифрлық технологияларға қажет.

Біз неміс серіктестерімізге тек кепілдендірілген жеткізілімдерді ғана емес, геологиялық барлау мен өндіруден бастап, шикізатты өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі толық өндірістік тізбектерді бірлесіп құруды ұсынамыз.

Екі ел арасындағы қарым-қатынаста энергетика саласының да маңызы зор. Қазақстан өзін Еуропаға энергия ресурстарын тұрақты әрі сенімді жеткізуші ретінде танытып келеді. Еліміз Еуропалық одақтың мұнай импортының шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 20 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылы Қазақстан мұнайының Германияға экспорты 10 млн тоннадан асты.

Қолданыстағы көлік мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл міндетті алдағы уақытта да жауапкершілікпен атқаруға дайынбыз.

Жаңартылатын энергетика, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарында да үлкен мүмкіндіктер бар. Экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту үшін Шығыс пен Батысты байланыстыратын сенімді көлік бағыттары қажет.

Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85 пайызы өтеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл шамамен 40 млн тонна жүкке тең.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Азия мен Еуропа арасындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша осы дәліздегі тасымал көлемі 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өсті.

Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірлерді Каспий порттарымен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша біз тасымалды жеделдетіп, неміс бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз.

Тағы бір маңызды бағыт – неміс компанияларын Қазақстан аумағы арқылы әуе жүк тасымалына белсенді тарту және елімізде әуе хабтарын дамыту.

Қазақстан мен Германия мүмкіндіктерінің синергиясы

Қазіргі таңда тауар қозғалысы деректер алмасуымен тікелей байланысты. Сондықтан цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу де Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының біріне айналуы тиіс.

Білікті мамандарсыз ешбір стратегия табысты болмайды. Болашақтағы әріптестігімізді Германия стандарттары бойынша білім алған және сол білімін бірлескен кәсіпорында қолданып жүрген жас қазақстандық инженердің бейнесі айқындайды.

Инвестициялық шешімдер де ұзақ мерзімді тәсілді талап етеді. Ал мұндай шешімдер мемлекеттік институттарға деген сенімсіз жүзеге аспайды.

2019 жылдан бастап Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы осы негіздерді жүйелі түрде нығайтып келеді.

Қазақстан сыртқы саясатта өзара құрметке, мемлекеттердің егемен теңдігіне және халықаралық құқықты сақтауға негізделген теңгерімді әрі прагматикалық бағыт ұстанады. Бұл елімізді сенімді әрі болжамды серіктес ретінде танытады.

«Einigkeit macht stark» – «Бірлікте күш бар», – дейді неміс мақалы.

Бұл даналық Қазақстан мен Германияның өзара қарым-қатынасынан көрініс табады. Екі елдің мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырып келеді.

Өзара тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейте отырып, Қазақстан мен Германия Еуразия құрлығында тұрақтылық пен өркендеу кеңістігін бірге нығайтады деп сенемін.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button