$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Гаага соты Косово экс-президентіне үкім шығарды

Косовоның бұрынғы президенті Хашим Тачиге сот үкім шығарды

Гаагадағы арнайы трибунал Косовоның бұрынғы президенті Хашим Тачиді соғыс қылмыстары үшін 25 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оның 96 саяси кісі өлтіруге және өзге де ауыр қылмыстарға жауапты екені дәлелденген деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.

Үкім 16 қыркүйекте жарияланды. 58 жастағы бұрынғы мемлекет басшысы адамдарды заңсыз ұстау, азаптау, өлтіру және оларға қатыгездік көрсету қылмыстары бойынша кінәлі деп танылды.

Айыптау тарапы 45 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған

Прокуратура Хашим Тачи мен онымен бірге сотқа тартылған Косовоны азат ету армиясының бұрынғы үш қолбасшысын 45 жылдан бас бостандығынан айыруды сұраған. Оларға Косоводағы соғыс кезінде жасалған соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша айып тағылған. Айыпталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындаған жоқ. 2023 жылы басталған сот тыңдауларында 300-ге жуық куәгер жауап берген. Істі қарауға 155 жәбірленуші қатысқан.

Тачи алғаш рет 2020 жылы Гаагадағы арнайы трибунал алдына келді. Оған тағылған айыптар Косовоның Сербиядан тәуелсіздік алу жолындағы 1998-1999 жылдардағы соғыс кезеңіне қатысты.

Сол жылдары Косовоны азат ету армиясының әрекеттерінен жүздеген адам зардап шеккен. Олардың арасында косоволық албандар, сербтер, сығандар мен өзге ұлт өкілдері, сондай-ақ айыпталушылардың саяси қарсыластары болған.

Тачи президенттікке қалай келді

Хашим Тачи – Косовоны азат ету армиясын құрғандардың бірі. Ол 2000-2016 жылдары осы ұйымның бұрынғы саяси қанаты болған Косово демократиялық партиясын басқарды. 2008-2014 жылдары премьер-министр қызметін атқарды. Кейін сыртқы істер министрлігін басқарып, 2016 жылдың басында Косово президенті болып сайланды.

2020 жылы қарашада Гаагада өзіне айып тағылғаннан кейін Тачи президенттік қызметінен кетті. Кейін қамауға алынып, сотқа берілді. Косоводағы соғыстан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. DW мәліметінше, тағы 1641 адам әлі күнге дейін хабарсыз кеткендер қатарында.

Қарулы қақтығыс НАТО-ның Сербияға қарсы 78 күнге созылған әуе соққыларынан кейін аяқталды. Косово 2008 жылы тәуелсіздігін біржақты жариялады. Алайда Сербия оны мойындамайды және Ресей мен Қытайдың қолдауымен Косовоның толық халықаралық мойындалуына қарсы болып келеді.

Back to top button