Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ай сайын салықтарды шегергенге дейін шамамен 12 миллион теңге жалақы алады. Бұл туралы «Дядя Ваня» телеграм-арнасы хабарлады.
Дереккөз мәліметінше, елімізде ұлттық құраманың бас бапкерінің жалақысы ресми түрде жарияланбайды. Алайда Байсуфиновтың негізгі айлық еңбекақысы шамамен 12 миллион теңгені (қазіргі бағам бойынша 21,2 мың еуроға жуық) құрайды. Осылайша, бір жыл ішінде оның табысы салықтарды есептемегенде шамамен 144 миллион теңгеге немесе 254,5 мың еуроға жетуі мүмкін.
57 жастағы маман Қазақстан құрамасын үшінші рет тізгіндеп отыр. Ол алғаш рет ұлттық команданың бас бапкері қызметіне 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалып, 2022 жылдың наурызына дейін жұмыс істеді. Сол кезеңде Қазақстан құрамасы оның жетекшілігімен 10 матч өткізіп, бір жеңіске жетті, үш рет тең ойнап, алты кездесуде жеңіліс тапты.
Екінші рет Байсуфинов 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың қаңтары аралығында құраманы уақытша бас бапкер ретінде басқарды. Бұл аралықта ұлттық құрама төрт матч өткізіп, бір рет жеңіске жетсе, екі ойында тең түсіп, бір кездесуде қарсыласына есе жіберді.
Ал 2026 жылдың 28 қаңтарынан бастап Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне ресми түрде қайта тағайындалды. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен ұлттық құрама төрт матч өткізіп, екі жеңіске қол жеткізді, бір рет тең ойнап, бір мәрте жеңілді.
Статистикаға сүйенсек, осы кезеңдегі орташа ұпай көрсеткіші – бір ойынға 1,75 ұпай. Бұл Байсуфиновтың Қазақстан құрамасындағы үш кезеңінің ішіндегі ең үздік нәтижесі болып отыр.
Айта кетейік, ұлттық құраманың бас бапкерінің жалақысы туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге негізделген.