Жаңалықтар

Флоридада 9 адамның жанын қиған ұшақ апаты видеоға түсіп қалды

АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 жеке ұшағы жылжымалы үйлер орналасқан елдімекенге құлап, салдарынан тоғыз адам көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz New York Post басылымына сілтеме жасап.

Ұшақ тұрғын үйге соғылып, өрт шыққан

Әуе апаты Флориданың оңтүстігіндегі Гринейкерс елдімекенінде болды. Ұшақ құлаған соң өрт шығып, тұрғын үйлердің үстін қою қара түтін басқан.

АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы мәліметінше, әуе кемесінің бортында тоғыз адам болды. Ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған.

Электр желілерін үзді

Құлар алдында Learjet 60 ағашқа соғылып, электр желілерін үзіп өткен. Артынша тұрғын үйге соғылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, кемі бір жылжымалы үй толығымен қираған.

BocaNewsNow басылымы дерегінше, апат алдында ұшақ оңға қарай күрт бұрылып, кейін жылдам төмендей бастады. Әуе кемесі шамамен 2,4 мың метр биіктіктен құлдилаған. Қазір апат себептері анықталып жатыр.

Back to top button