$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Финляндия Ресеймен шекараға 200 шақырымдық қоршау салып тастады (Видео)

Мигранттардан қауіптенген Финляндия Ресеймен шекарасын бекітті

Финляндия Ресеймен шекарада ұзындығы 200 шақырым болатын қорғаныс қоршауының құрылысын аяқтады. Ел билігі бұл нысанды қазіргі тұрақсыз кезеңдегі шекара қауіпсіздігінің маңызды бөлігі деп бағалап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz DW басылымына сілтеме жасап.

Қоршаудың биіктігі – 4,5 метр

Финляндияның шекара қызметі ауқымды жобаның аяқталғанын дүйсенбі, 7 қыркүйекте хабарлады. Елдің ішкі істер министрі Мари Рантанен мемлекеттің басты міндеті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты.

«Шығыс шекарадағы қоршау – болжап болмайтын қазіргі кезеңде тиімді шекара қауіпсіздігі жүйесінің ажырамас бөлігі», – деді министр.

Оның сөзінше, Шенген аймағына кіретін Финляндия одақтың сыртқы шекарасындағы қауіпсіздікке де жауапты. Шекаралық кешен биіктігі 4,5 метрлік қоршаудан ғана тұрмайды. Оның құрамына техникалық бақылау жүйесі, жол желісі және ені 25 метр болатын тазартылған шекара жолағы енгізілген. Финляндияның шекара қызметі бұл бастаманы ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі деп атады. Құрылысқа жүздеген компания тартылып, нысандарда күн сайын 600-ге дейін адам мен 150 техника жұмыс істеген.

Финляндия мигранттар арқылы қысым жасалуы мүмкін деп қауіптенді

Финляндия қоршау құрылысын 2023 жылғы наурызда, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін қолға алған. Хельсинки Ресей мигранттарды Финляндияға қысым көрсету құралы ретінде пайдалануы мүмкін деп қауіптенді. Қоршау салынған Иматра қаласының тұрғындары бұл жобаны аса қуанышпен қабылдамаған. Қала мэрі Матиас Хильден бұған дейін тұрғындардың құрылыстың қажеттілігімен амалсыз келіскенін айтқан.

Ресеймен шекараны күшейту туралы мәселе 2022 жылғы қыркүйектегі оқиғалардан кейін де өткір қойылды. Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған кезде көптеген ресейлік Финляндия аумағына өтіп кеткен еді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button