Facebook пен Instagram-ға қатысты сот дауынан соң Meta 18 млрд доллар төлейтін болды
Meta жасөспірімдердің Facebook пен Instagram қолдануына шектеу енгізеді
Meta Platforms компаниясы Facebook пен Instagram балаларды әлеуметтік желіге тәуелді етуге бағытталған мүмкіндіктермен жасалды деген айыптаулар бойынша АҚШ билігімен келісімге келді. Компания сот дауларын реттеу үшін он жыл ішінде 18 млрд долларға дейін төлеп, жасөспірімдердің платформаларды пайдалануына қатаң шектеулер енгізеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Meta не үшін 18 млрд доллар төлейді
АҚШ штаттары Meta компаниясын Facebook пен Instagram-да балалар мен жасөспірімдердің назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұратын функцияларды әдейі қолданды. Оның ықтимал зияны туралы қоғамға толық ақпарат бермеді деп айыптаған. Сот талаптарында компанияның 13 жасқа толмаған балалардың деректерін ата-анасының тиісті келісімінсіз жинап, сақтағаны және пайдаланғаны да айтылды. Бұл АҚШ-тағы балалардың интернеттегі жеке өмірін қорғау туралы заңды бұзу ретінде қарастырылған.
Негізгі келісім бойынша Meta 47 штатқа, Колумбия округіне, Пуэрто-Рикоға, Америкалық Самоа мен Солтүстік Мариана аралдарына шамамен 16,7 млрд долларға дейін төлейді. Техас штатымен құны 1 млрд доллардан асатын бөлек келісім жасалған. Бұған қоса, Cambridge Analytica дауына қатысты дербес мәліметтерді қорғау жөніндегі талаптарды реттеуге 459 млн доллар қарастырылған.
Төлемнің шамамен 12,7 млрд доллары міндетті түрде он жыл ішінде аударылады. Қалған 5,3 млрд доллар TikTok пен YouTube платформаларының да балаларды қорғауға арналған осындай шектеулер енгізіп, штаттарға тиісті төлем жасауына байланысты беріледі.
Reuters мәліметінше, АҚШ-тың федералды судьясы негізгі келісімді мақұлдаған. Алайда Meta келісімге келу арқылы өзіне тағылған айыптарды немесе заң бұзғанын мойындаған жоқ.
Жасөспірімдерге қандай шектеулер енгізіледі
Meta-ның ресми түсіндірмесінде жаңа талаптар келісімге қатысқан АҚШ штаттары мен аумақтарындағы 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға автоматты түрде қолданылатыны жазылған.
Негізгі өзгерістер мыналар:
- Facebook пен Instagram-ды пайдалануға жиынтық түрде тәулігіне екі сағаттық лимит қойылады. Жасөспірім бұл шектеуді ата-анасының рұқсатынсыз алып тастай алмайды;
- сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін жасөспірімдер жаңалықтар таспасын, Stories, Reels және Explore бөлімдерін қарай алмайды немесе жаңа жазба жариялай алмайды;
- оқу күндері сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін push-хабарламалардың басым бөлігі өшіріледі;
- әлеуметтік желіні үзіліссіз пайдаланған әрбір 15 минуттан кейін ескерту көрсетіледі. Қосымшаларда өткізілген уақыт 60 және 90 минутқа жеткенде де арнайы хабарлама шығады;
- жазбалардағы лүпіл мен реакциялар саны жасөспірімдерге әдепкі бойынша көрсетілмейді;
- косметикалық операциялар мен шектен тыс макияжды насихаттайтын сүзгілер бұғатталады;
- пайдаланушылардың жасын анықтау технологиясы күшейтіледі;
- жасөспірімдерге жасына сай емес контентті, соның ішінде суицид, өзіне зиян келтіру және тамақтану бұзылыстарына қатысты материалдарды көрсетуге қосымша шектеу қойылады;
- ата-аналарға баласының қосымша аккаунт ашқаны, күмәнді парақшалармен байланыс орнатқаны немесе қауіпсіздік параметрлерін өзгертуге әрекет жасағаны туралы ақпарат беріледі.
Жеке хат алмасу тәуліктік лимитке, түнгі және оқу уақытындағы шектеулерге кірмейді. Бұл жасөспірімдердің туыстары және достарымен байланыста қалуы үшін жасалған.
Келісім талаптарының басым бөлігі он жыл бойы күшінде болады. Ал екі сағаттық лимит пен түнгі режим әзірге бес жылға енгізіледі. Егер TikTok пен YouTube осы талаптарға қосылса, мерзім он жылға ұзартылып, лимит әр қосымша үшін бір сағатқа дейін қысқарады. Түнгі шектеу де сағат 22:00-ден 07:00-ге дейін кеңейтілуі мүмкін.
Компания міндеттемелерді қалай орындап жатқанын тәуелсіз аудитор бес жыл бойы жыл сайын тексермек. Сонымен бірге келісім Meta-ны жекелендірілген алгоритмдік ұсыныстардан немесе нысаналы жарнамадан толық бас тартуға міндеттемейді.