Еуропаның бір елі әйелді өлтіргендерді өмір бойына соттайтын заң шығарды

Румынияда әйелдерді өлтіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Румыния президенті Никушор Дан фемицидпен күрес туралы заңға қол қойып, бұл ұғымды ұлттық заңнамада бекітті. Енді әйелді жеккөрушілік негізінде немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жолымен өлтіргендерге қатаң жаза қарастырылған. Оларға 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы түрме жазасы кесіледі.
Мұндай шаралардың күшеюіне отбасылық қылмыстар санының алаңдатарлық деңгейде өсуі себеп болды. 2025 жылғы статистикаға сәйкес, елдегі тұрмыстық кісі өлтіру оқиғаларының басым бөлігінде құрбандар әйелдер болған. Мемлекет басшысы зорлық-зомбылық мәселесі ұзақ уақыт бойы еленбей келгенін айтып, жаңа заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттің дайын екенін көрсетті.
Осылайша Румыния «фемицид» терминін заң жүзінде бекіткен Еуропа елдерінің қатарына қосылды.
Жаңа нормалар құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бастапқы кезеңінде араласуға көбірек мүмкіндік беріп, қайғылы жағдайлардың алдын алуға жол ашады.