TOP-2Жаңалықтар

Еуроодақ сириялық және ауған мигранттарын Қазақстанға жібергісі келеді

Еуроодақ билігі жаңа миграциялық регламентті талқылау барысында ымыраға келіп, көші-қон саясатын айтарлықтай қатаң етер құжат бойынша алдын ала келісімге қол жеткізді. Енді ЕО аумағында тұруға рұқсаты жоқ мигранттарды одақтан тыс жерлердегі арнайы орталықтарға жіберу мүмкін болмақ, деп жазады DW.

Еуропарламент, Еурокомиссия және ЕО-ға мүше елдердің өкілдері Еуроодақ аумағында баспана беруден бас тартылған, алайда туған еліне қайта жіберу мүмкін болмай отырған мигранттарды депортациялау рәсімін жеңілдететін жаңа регламент бойынша алдын ала келісімге келді. Енді Еуроодақ олар үшін үшінші елдер аумағында арнайы орналастыру орталықтарын құра алады. Бұл туралы 1 маусым, дүйсенбі күні кешке ЕО кеңесі хабарлады.

«Жаңа регламент қайтару процесін жеделдетіп, ЕО аумағында заңды түрде болуға құқығы жоқ адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Кипр Республикасының көші-қон жөніндегі вице-министрі Николас А. Иоаннидес баспасөз хабарламасында. – Бұл процесті қысқа мерзімде аяқтау Еуроодақтың көші-қон жүйесін тиімді етуге бағытталған ортақ ережелер қалыптастыруға деген ұстанымын көрсетеді».

Мигранттарға арналған орталықтар Қазақстан мен Өзбекстанда ашылуы мүмкін

AFP агенттігінің мәліметінше, мұндай депортациялық орталықтарды құру идеясын миграциялық заңнаманы қатаңдатуды қолдайтын бірқатар ЕО елдері қолдап отыр. Олардың қатарында Германия, Аустрия және Дания бар. Агенттік дерегіне сәйкес, Еуроодақтың болашақ серіктестері ретінде Қазақстан, Өзбекстан, Руанда және Уганда қарастырылып жатыр.

Жаңа регламент ЕО аумағынан кетуден бас тартатын мигранттарға қатысты санкцияларды да күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, мұндай азаматтарды қамауға алу жиілеп, Еуроодаққа қайта кіруге тыйым салу жүйелі түрде қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар заңсыз миграциямен күрес аясында әлеуметтік жәрдемақыларды қысқарту немесе толық тоқтату шаралары да қарастырылып отыр, деп хабарлайды dpa агенттігі.

Жаңа регламент алдағы апталарда бекітіледі

AFP мәліметінше, үшінші елдердегі депортациялық орталықтар келіссөздердің соңғы кезеңіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Атап айтқанда, Франция мен Германия, сондай-ақ Еуропарламент өкілдері бұл орталықтардың жұмысын дереу бастауды талап еткен. Алайда ЕО-ның өзге елдері ұлттық заңнамаларын жаңа нормаларға сәйкестендіру үшін бір жылдық мерзімге шегерім жасауға қол жеткізді.

Алдағы бірнеше апта ішінде Еуропарламент пен ЕО елдері жаңа регламентті түпкілікті бекітуі тиіс. AFP жазуынша, бұл енді формалды рәсім ғана болуы мүмкін. Себебі наурыз айында Еуропарламенттің азаматтық бостандықтар, әділет және ішкі істер жөніндегі комитеті көші-қон саясатын қатаңдататын бастаманы мақұлдаған. Кейін бұл құжатты Еуропарламенттің жалпы құрамы да қолдады. Мамыр айының соңында заңсыз мигранттарға арналған депортациялық орталықтарды үшінші елдерде құру бастамасын Еуропарламент пен ЕО елдерінің өкілдері келіскен болатын.

Жаңа ережелер үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қатаң сынға ұшырады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай шаралар адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуына апарып соғуы мүмкін. Өйткені бұл бастама мигранттарды өздеріне еш қатысы жоқ елдерге жіберуге жол ашады.

Back to top button