Ескі көлігін тапсырған қазақстандықтарға 750 мың теңгеге дейін сертификат беріледі
Қазақстанда ескі автомобильдерді кәдеге жарату бағдарламасын биыл қайта іске қосу жоспарланып отыр.
Көлігін утильге өткізген азаматтарға жаңа машина сатып алуға арналған жеңілдік сертификаты беріледі. Оның мөлшері тапсырылған көліктің санатына қарай 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Сертификат мөлшері көлік санатына байланысты
«Жасыл даму» компаниясының мәліметінше, жеңілдік сертификаттарының мынадай мөлшері қарастырылған:
M1 санатындағы жеңіл автомобильдерге – 315 мың теңге;
M2 санатындағы жолаушылар көлігіне – 550 мың теңге;
N1 және N2 санатындағы жүк көліктеріне – 550 мың теңге;
M3 санатындағы ірі жолаушылар көлігіне – 750 мың теңге;
N3 санатындағы ауыр жүк көліктеріне – 750 мың теңге.
Сертификат ескі көлік кәдеге жаратуға тапсырылғаннан кейін беріледі. Оны жаңа автомобиль сатып алу кезінде жеңілдік ретінде пайдалануға болады.
Утильалым қаражаты қайда жұмсалады
Бағдарламаны жаңарту аясында кәдеге жарату алымынан түсетін қаражатты пайдалану тәртібі де өзгермек.
Экология мәселелеріне қатысты заңда аталған қаражаттың бір бөлігін орман өрттерінің алдын алу шараларына және орман шаруашылығы мекемелерін қажетті техникамен жабдықтауға бағыттау қарастырылған.