Есірткі қолданғаны расталды: атышулы блогер Джузефина ұсталды

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында блогер қыздың әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімдемелері, сондай-ақ былапыт сөздер айтылған және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер көрсетілген бейнежазбалары анықталды, деп хабарлайды Алматы полициясы.
Аталған жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізілген. Контент авторы және оның ата-анасы анықталып, олардан жауап алынды. Құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады.
“Бейнежазбада Алматы қаласының тұрғыны тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру есірткі заттарын қолдану фактісін растады. Сондай-ақ блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату сияқты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталды. Жиналған материалдар сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, бұған дейін полиция қызметкерлері азаматшамен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту тапсырған. Сот қарауының нәтижесі бойынша құқық бұзушыға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.