«Ешкімге жүгінген жоқпыз»: Алагөзова күйеуінің Сатыбалдылармен қалай соттасқанын айтып берді
Баян Мақсатқызы журналист Аман Тасығанның Talk Like подкастында жары Тұрсын Алагөзовпен бас қосқан кезде ол қалай түксіз қалғаны және екеуі бірге қандай қиындықтарды еңсергені туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мен оны ақшасы үшін жақсы көрген жоқпын»
«Мен оны ақшасы үшін жақсы көрген жоқпын. Мен ақшаға мұқтаж адам емеспін. Ол кезде 42 жаста болдым және базалық қажеттіліктерім өтелген кез еді. Мәселе онда болған жоқ. Ол бизнестен айырылған кезде мен де денсаулығымнан айырылдым. Екеуміз ары қарай барлық қиындықты бірге еңсердік. Онымен қуанышта да, қайғыда да бірге болдым. Ол қолында барын сатып жіберді, бәрін қайтадан нөлден бастады», – дейді Баян Мақсатқызы.
«Гүлмира Сатыбалды зауытты тартып алды»
Оның айтуынша, Тұрсын мырзаны сол кезде көп адам сатып кетті.
«Қазір сол кезде оны кім сатып кеткенін аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Ол менің шаруам емес. Оның қасында адал болып қалғандары да бар. Galanz bottlers бизнесін Гүлмира Сатыбалды сатып алған болса – қазіргі уақытта сотталмас еді. Ол бизнесті тартып алды. Ол біздің іс бойынша ғана емес, басқа істер бойынша да жазаланды. Оның сотталуына Тұрсын Алагөзовтың қатысы бар, әрине. Ол оған рейдерлік үшін арыз жазды. Оның бәрі сотта дәлелденді. Ол зауытты толық өзіне қайтара алды. Ол қазір сол зауыттың 93% акционері», – дейді ол.
Зауытты қайтару үшін 5 жыл уақыт кеткен.
«Біз зауытты қайтару үшін ешкімнен көмек сұрап, ешкімнің есігін қаққан жоқпыз. Біз тек аудандық, қалалық, облыстық, республикалық сотта жүрдік. Бәрі құқықтық сала шеңберінде болды», – дейді Баян Алагөзова.
Еске салсақ, бұған дейін Баян Алагөзованың Канье Уэсттің кешіне неге бармағаны туралы жаздық.