Ерлерге әйелдерге арналған ота «жасаған»: Маңғыстауда МӘМС қорынан 221 млн теңге жымқырылды
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Маңғыстау облысында екі жекеменшік медициналық орталықтың басшылығы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 221 миллион теңгеден астам қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» жекеменшік медициналық орталықтарының басшылығына қатысты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, клиникалардың лауазымды тұлғалары «варикоцеле» диагнозымен ем алған пациенттерге медициналық қызмет рәсімдеу кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық отаның: «жамбас ағзалары мен жатыр артерияларының қан тамырларын эндоваскулярлық эмболизациялау» отасының кодын пайдаланған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, осы схема арқылы көрсетілген медициналық қызметтердің құны бірнеше есе негізсіз ұлғайтылған. Соның салдарынан 200-ден астам ер адамға қымбат медициналық ота жасалғандай рәсімделіп, емдеу құны он есеге дейін арттырылған.
Бұдан бөлек, тергеу барысында 19 жағдайда пациенттердің аталған медициналық мекемелерге мүлде жүгінбегені анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 221 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.