Ерлан Қарин: Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық
Вице-президент Ерлан Қарин 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның соңғы шешімі жөнінде сол комиссияның төрағасы ретінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ерлан Қариннің айтуынша, біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлап, құрметтейтінін айтты.
“Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды. Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет. Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды. Мысалы, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың жоқтығына байланысты берілген жоқ. Сондықтан конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек”, – деп жазды ол желідегі парақшасында.
Вице-президенттің айтуынша, отырыстың соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек екені айтылған. Бұл пікірді кешелі бері желі қолданушылары да қолдап жазып жатыр. Шынында да, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Қариннің сөзінше, мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгізілмек.
“2000 жылдардан бері қарай есептесек, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген екен. Демек, шығармашылық саланың осыншама өкіліне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді деген сөз. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне берілетін қаражат артты. Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт”, – дейді Ерлан Қарин.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығынан үміткерлерге конкурс жарияланатынын хабарлаған еді.