TOP-2Оқиға

«Баламды қараңдаршы деп жылауға дейін бардым»: Ақтауда хирургқа тап берген жігіт өз нұсқасын айтты

Ақтауда хирургтың жағасынан алған Шаншархан есімді азамат резонанс туғызған осы жайтқа не себеп болғаны турасында өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Менің бұл жағдайда өз шындығым бар. 19 қазанда екінші балам Жамбылдың іші ауырып, қызуы көтеріліп, үйде шыңғырып жылады. Келген жедел жәрдем келіп, қызуын өлшегенде +39 градус көрсетеді. Олар балада «соқырішектің белгілері бар» деп мені жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Сөйлей алмайтын үшінші балам бар болған соң әйелім сол баламен қалды да, мен екінгі баламды ауруханаға алып келдім. Ауруханада алдымнан Қанат есімді хирург күтіп алды. Баламның қызуын өлшейміз деді. Баламның ішін басып қалған кезде ол шыңғырып жылады. Содан арада жарты сағат өтті, балам шыңғырып жылағанын тыймады. Жарты сағаттан соң «аға, баламнан градусникті алмайсыз ба?» деп сұрағанымда, ол бетіме қарап жымиып тұрып, «мен оған әлі градусник салған жоқпын ғой» деді. Мен «қашан саласыздар? Шыңғырып, өлгелі жатыр ғой» дедім. Арада 15 минут өткен соң градусникті әкеліп салды», – дейді ол.

Шаншарханның айтуынша, баласы сол кезде қатты қиналған. Градусник ауруханаға келген кезде де +39-дан түспеген.

«Балам ішін ұстатпады. Құсып, іші өтіп, жап-жасыл нәжіс шықты. Баламды қарап «ішіне жел қарысқан» деді. Анализ алыңыздар деп едім, анализді алуға тағы бір сағат күттім. Кешкі сағат 17.00-18.00 шамасында анализ дайын болып, лейкоциті 21,5-ті көрсетті. Ол баланың соқырішегі жарылайын деп тұрған белгі. Сол кезде ауруханадағыларға жалынып, жылауға дейін бардым. Көмек бермеді, бәрінің артынан жүгіріп жүрмін, ешкім маған қараған да жоқ. Бір укол салып, жоқ болып кетеді. Мен содан күткенімді олар маған «үйге қайта бер» деп қолхат жазып берді. Көрсете аламын. «Хирургиялық ешқандай белгі танылған жоқ» деді. Түнгі сағат 23.00-де баламен ауруханада әлі жүрмін. Әлі тоқтаусыз жылап жатыр бала. Он бірдің ішінде айқай шығардым. Екінші рет анализ алып, лейкоцит әлі 21-ді көрсетіп тұр. 18-19 кезінде балаға ота жасайтын. 21-22 деген ауыр. Баланы ауруханаға не үшін әкелдім? Сағат 23.30 шамасында анализ шығады. «Баламды жатқызыңдар» дегенде дәрігерлер «кіре берісте жата берсін, таңға дейін бақылаймыз» деді. Мені ешкім тыңдаған жоқ. Мен бәрібір кетпеймін дедім. Содан кейін мені амалсыз ауруханаға жатқызды», – дейді ол.

Шаншархан түнімен баланың қызуы таңға дейін +39-дан түспей қойғанын айтты.

«Таңертең басқа хирург келеді де, баланың ішін қарап, бірден отаға алып кетеді. Таңертең жаным шырылдап, ауруханаға келем. Балама сол кезде ота жасалды. Жарайды дедім, балам үшін бәріне көз жұма қарадым. Балам ауруханадан шыққан соң Қанат деген жігіт келіншегіме келіп «сенің күйеуің менімен құрдас болғанда күйеуіңді айырып жіберетін едім» деген. Мен сол әңгімені кеше естідім. Әйелім оны маған айтпаған. Намысымды ешкімге таптатпаймын. Балам үйге келді, іші бәрі жақсы болады. 31 қазан күні ауруханаға балам ауырып, тағы апарам. Алдымнан тағы Қанат шығады. Қарсы алғанда басқаша қарсы алады. Бетіме күліп «балама қарайын ба, қарамайын ба» деп мысқылдайды. Білемін, қоғамдық орын, аурухана, түсініп отырмын», – дейді Шаншархан.

Ақтаудағы ауруханада не болды

Бұған дейін Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында науқас баланың әкесі мен балалар хирургі арасында жанжал шыққан еді. Медициналық мекеменің мәліметінше, дәрігер баланы тексеріп, оның нәтижесін әкесіне түсіндірген және ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екенін айтқан. Алайда аурухана қызметкерлерінің айтуынша, баланың әкесі кенеттен үстелді аяғымен теуіп, артынша хирургке тап беріп, оның алқымынан алған.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ал хирург болған жағдайға қарамастан, келесі күні жұмысына шығып, кезекшілігіне кіріскен.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button