Қоғам

Ерекше баласы бар отбасының анықтамаларын алда ата-ана емес, мемлекет жинайды

Қазақстанда ерекше білім беруге мұқтаж балалардың ата-аналарын артық құжат жинаудан босататын жаңа тетік енгізіледі. Енді денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі мәліметтер өзара автоматты түрде алмасып, балаға қажетті қызметтерді көрсету процесі жеңілдетіледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ата-аналар анықтама жинамайды

Мәжілістің экс-депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінге дейін ерекше баласы бар отбасылар әртүрлі мемлекеттік органдарға қайта-қайта барып, бірдей құжаттарды бірнеше мәрте тапсыруға мәжбүр болған. Оның сөзінше, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салалары бір-бірінен бөлек жұмыс істегендіктен, бала туралы мәліметтер әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталады. Соның салдарынан құжаттар қайта сұралады, кей жағдайда жоғалып кетеді, ал қажетті шешімдерді қабылдау бірнеше айға дейін созылады.

«Әр мекемеге барған сайын балаңның көмекке мұқтаж екенін қайта-қайта дәлелдеуге тура келеді. Бұл – ата-аналар үшін ең ауыр әрі әділетсіз мәселелердің бірі», – дейді ол.

Бірыңғай жүйе қалай жұмыс істейді

Аймағамбетовтің мәліметінше, маусым айында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінің деректерін біріктіретін бірыңғай интеграцияланған модуль құруды көздейтін заңнамалық норма қабылданған. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін мемлекеттік органдар қажетті мәліметтермен өзара автоматты түрде алмасады. Соның негізінде әр балаға көрсетілетін көмектің жеке жоспары қалыптастырылады. Экс-депутаттың айтуынша, негізгі мақсат – он түрлі мекеме мен ақпараттық жүйенің орнына бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру.

«Анықтамаларды ата-ана емес, мемлекет өзі жинауға тиіс. Онсыз да ауыр жағдайға тап болған отбасын бюрократиямен әуреге салуға болмайды», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ол бұл бастама Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және оларды сүйемелдеудің тиімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл өзгерістер ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және мұндай процестердің қаншалықты күрделі екенін өз тәжірибесінен білетін әріптес депутаттардың қатысуымен заңдастырылғанын жеткізді.

Back to top button