Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт өткізетін күні белгілі болды
Әншінің жеке парақшасында Қазақстанда өтетін концерттерінің күні жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әншінің концерті Астанада 3 қыркүйекте, Алматыда 5 қыркүйекте өтеді.
Билет бағасы 45-190 мың теңге аралығында болады.
Энрике Иглесиас (Enrique Iglesias) – әлемдік поп-музыканың ең танымал орындаушыларының бірі. Испан әншісі, композитор әрі актер.
Ол 1975 жылы 8 мамырда Испанияның Мадрид қаласында дүниеге келген. Энрике аты аңызға айналған испан әншісі Жулио Иглесиастың ұлы. Ол музыкалық мансабын 1990 жылдардың ортасында бастап, аз уақыттың ішінде халықаралық деңгейде танымал болды.
Әнші испан және ағылшын тілдерінде ән айтып, әлемнің көптеген елдерінде хитке айналған шығармаларды орындады. Оның «Hero», «Bailando», «Tonight» және «Escape» сияқты әндері миллиондаған тыңдарманның сүйікті туындыларына айналды. Энрике Иглесиас әлем бойынша 180 миллионнан астам альбом сатып, ең көп сатылған латын әншілерінің бірі атанды. Ол бірнеше мәрте беделді Grammy Awards және Latin Grammy Awards марапаттарын жеңіп алған. Әншінің концерттері әрдайым аншлагпен өтіп, жанкүйерлерге әсерлі шоу мен ерекше атмосфера сыйлайды. Бүгінде Энрике Иглесиас әлемдік музыка индустриясының ықпалды әрі танымал тұлғаларының бірі саналады.