Білім

Енді алғашқы әскери дайындық пәнінен әскери қызметтен өткен педагогтер ғана сабақ береді

Қазақстанда білім беру ұйымдарында алғашқы әскери дайындық пәнінен әскери қызмет өткерген адамдар ғана сабақ бере алады. Бұл туралы Мәжілісте халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында айтылды.

Тізгін.кз тілшісі Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан әскерде болмаған АӘД мұғалімдеріне жаңа талаптың қалай әсер ететінін сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыш мәселе бойынша Қорғаныс министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесе жұмыс істеп жатыр.

 «Қорғаныс министрлігінің нормативтік құқықтық құжаттарында белгілі біліктілік талаптары қойылған. Онда міндетті түрде әскери қызметтен өту керек деген талаптар бар. Ал Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі қолданыстағы заңнамасына сәйкес АӘД пәнінен беретін азаматтан кәсіптік білім беру және педагогикалық білімі болуы талап етіледі. Яғни, бұйрықта міндетті әскери қызметтен өтуі керек деген талап жоқ. Өйткені бұл заңнама енді қабылданған ғой. Сол себепті Қорғаныс министрлігімен бірлесе жұмыс істейміз», – деді Шынар Ақпарова.

Сондай-ақ вице-министр бұл ақпараттың бұрыннан жұмысқа қабылданған педагогтерге қатысы жоғын атап өтті.

 «Бұл бұрыннан жұмысқа қабылданған педагогтерге қатысты емес. Себебі «закон обратный силы не имеет» деген бар. Яғни кейін қабылданатын педагогтерге қатысты және бұл Қорғаныс министрлігінің нормативтік құқықтық құжатында белгіленген», – дейді Шынар Ақпарова.

ӘСКЕРИ МЕКТЕП

Сондай-ақ комитет отырысында барлық өңірде мамандандырылған әскери мектеп ашылатыны сөз болды. Яғни, ел бойынша қосымша 16 әскери мектеп (11 қалалық, 5 ауылдық) ашу жоспарланған.

Айта кетейік, елде «Алғашқы әскерге дайындық» пәнінен сабақ беретін 5 мыңға жуық мұғалім бар. Бірақ соның 16 пайыздан астамы әскери қызметтен өтпеген.

 

Back to top button