Қазақстанда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс жалақыға ғана емес, бала күтімі, жүктілік пен босану және жұмысынан айырылу жағдайында берілетін әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшеріне де әсер етеді. Сонымен қатар әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарын есептеуге қолданылатын табыс шегі ұлғаяды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ең төменгі жалақы – бір айдағы жұмыс уақытының толық нормасын орындаған қызметкерге жұмыс беруші төлеуге міндетті ең төменгі еңбекақы. Оның мөлшері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері 85 мың теңге. Сол жылы ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге көтерілген еді.
28 қазанда Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 110 мың теңгеге жеткізуді тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл шара шамамен 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа мөлшер енгізілгеннен кейін мемлекеттік мекемелер де, жеке компаниялар да толық жұмыс нормасын орындаған қызметкерге кемінде 110 мың теңге жалақы есептеуге тиіс болады. Бұл – міндетті ұсталымдарға дейінгі сома.
Алайда ең төменгі жалақының көтерілуі барлық қызметкердің айлығы бірдей өседі дегенді білдірмейді. Өзгеріс ең алдымен еңбекақысы жаңа межеден төмен қызметкерлерге қатысты.
Бала күтімі мен декреттік төлем қалай өзгереді
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бірқатар әлеуметтік төлем адамның бұрынғы табысына байланысты есептеледі. Бұл ретте есепке алынатын айлық табыстың шегі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшеріне тең. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғанда бұл шек 595 мың теңгені құрайды. Көрсеткіш 110 мың теңгеге көтерілсе, шекті сома 770 мың теңгеге жетеді.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы мөлшерінде есептеледі. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады.
Ең төменгі жалақыға байланысты есептелетін ең жоғары мөлшер мынадай болады:
- 85 мың теңге кезінде – айына 238 мың теңге;
- 110 мың теңге кезінде – айына 308 мың теңге.
Бұл – зейнетақы жарнасы ұсталмаған сома. Тағайындалған төлемнен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Нақты төлем мөлшері әр адамның есепке алынған табысына байланысты болады. Сондықтан 308 мың теңге барлық алушыға бірдей төленбейді.
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің есебіне де ең төменгі жалақы әсер етеді. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс пен еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына байланысты анықталады.
Мысалы, 126 күндік демалыс үшін қолданылатын коэффициент – 4,2. Есепке алынатын орташа айлық табыс 595 мың теңге болған жағдайда төлем зейнетақы жарнасы ұсталғанға дейін 2 млн 499 мың теңгені құрайды. Ал орташа айлық табыс 770 мың теңгелік шекке жетсе, осы формула бойынша есептелетін сома 3 млн 234 мың теңге болады.
Дегенмен жаңа шек енгізілген бойда барлық әйелге осындай сома тағайындалмайды. Есептік кезең әр жылды қамтыса, әр айдағы табысқа сол кезде қолданыста болған ең төменгі жалақының шегі ескеріледі. Төлемнен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы да ұсталады.
Жұмысынан айырылғандарға қанша төленеді
Ең төменгі жалақының өсуі жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің шекті мөлшеріне де әсер етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, 2027 жылдан бастап бұл төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген сомасының 45 пайызынан аспауға тиіс. Ең төменгі жалақы 110 мың теңге болса, осы шек айына 346 500 теңгені құрайды.
Бұл да әр жұмыссыз азаматқа кепілдендірілген сома емес. Нақты төлем әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі. Салыстыру үшін, 85 мың теңгенің жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызы 267 750 теңге болады. Бірақ осы арифметикалық есепті барлық алушыға ортақ төлем мөлшері деп қабылдауға болмайды.
Министрлік мәліметінше, 2027 жылы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты төлемді алудың ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға қысқарады. Яғни төлемнің шекті сомасымен бірге оны алу мерзіміндегі өзгерісті де ескерген жөн.
Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары қалай есептеледі
Ең төменгі жалақының өсуі мемлекеттік қорларға аударылатын міндетті төлемдердің есептік шектерін де өзгертеді.
Әлеуметтік аударымдар. Жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударатын қаражатты есептегенде ең төменгі және ең жоғары табыс шектері қолданылады. Ұсынылған есеп бойынша, 5 пайыздық мөлшерлеме сақталған жағдайда:
- ең төменгі айлық аударым 4 250 теңгеден 5 500 теңгеге өседі;
- ең жоғары айлық аударым 29 750 теңгеден 38 500 теңгеге көтеріледі.
Бұл қаражат әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі төлемдерді қаржыландыруға бағытталады.
Қызметкердің міндетті зейнетақы жарнасы. Қызметкерлер табысының 10 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарына аударылады. Жарна есептелетін айлық табыстың жоғарғы шегі – ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшері. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғанда бұл шек 4 млн 250 мың теңгені құрайды. Көрсеткіш 110 мың теңгеге көтерілгенде 5 млн 500 мың теңгеге жетеді. Сәйкесінше, осы шек бойынша есептелетін ең жоғары айлық жарна 425 мыңнан 550 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Бұл өзгеріс ең алдымен табысы жоғары қызметкерлерге әсер етеді. Жалақысы бұрынғы шектен аспайтын адамның зейнетақы жарнасы ең төменгі жалақы өсті екен деп өздігінен көбеймейді.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударатын зейнетақы жарнасын есептегенде де 50 ең төменгі жалақыға тең жоғарғы шек қолданылады. Демек, есепке алынатын ең жоғары айлық табыс мұнда да 4 млн 250 мыңнан 5 млн 500 мың теңгеге дейін өседі. Ал аударылатын нақты сома тиісті жылдағы жарна мөлшерлемесіне байланысты болады.