Соңғы күндерде Қазақстан тумасы Әсел Робертстің АҚШ-тың Словениядағы жаңа елшісі болып сайлануы көп талқыланып жатыр. Өз қандастарына сырттағы мансабы арқылы танылған қазақ қызы жалғыз Әсел Робертс қана емес. Tizgin.kz осы тұлғалардың еңбек жолына шолу ұсынады.
Әсел Робертстен бөлек Американың қаржы саясатында ықпалды адам ретінде танылған Сәуле Омарова мен халықаралық деңгейдегі топ-менеджер Гүлжан Молдажанова бар.
Джорджтаун түлегі
Ашық мәліметтерден Әсел Қалиқызы Робертс (бұрынғы тегі – Төлегенова) 1976 жылы Алматыда дүниеге келгені белгілі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударып, Джорджтаун университетінің Дипломатиялық қызмет мектебін тәмамдаған. Қызмет жолын АҚШ дипломатиялық жүйесінде бастап, жиырма жылға жуық уақыт бойы халықаралық саммиттерді, мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерді ұйымдастыруға қатысады, бірнеше президент әкімшілігі кезеңінде дипломатиялық қызмет атқарды.

Кейін Ақ үйдің Батыс қанатында жұмыс істеп, вице-президент кеңсесінің операциялық қызметіне жетекшілік еткен.
Кеше Президент Дональд Трамп оны АҚШ-тың Словениядағы елшісі ретінде ұсынып, сенаторлар басым дауыспен бекіткені мәлім болды.
Қаржыгер Сәуле Омарова
Сәуле Омарова 1966 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Өмірбаянында оның бала кезінен үздік оқып, мектепті алтын медальмен бітіргені айтылады. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алып, 1991 жылы АҚШ-қа академиялық бағдарлама арқылы барады.

Америкада жүріп саясаттану мен құқық саласында жоғары білім алады. Кейін АҚШ азаматтығын алып, Корнелл университетінің профессоры атанады. Оның банктерді реттеу, қаржы жүйесі және мемлекеттің экономикадағы рөлі туралы ғылыми еңбектері бар. Сәуле Омарова 2021 жылы Джо Байден Президент болып тұрғанда АҚШ-тың Валюта басқармасы жетекшілігіне ұсынылып, Сенат мақұлдамай тастаған болатын.
Осы кезде бұрынғы отандасымыздың өмірі мен қызмет жолын желі қолданушылары қызу талқылаған еді. БАҚ АҚШ банктері мен республикашылдар Сәуле Омарованың ақша-кредит саясатындағы ұстанымдарын тым радикал деп сипаттап, кандидатурасына қарсылық танытқанын жазды.
«Аллюминий ханшайым» Гүлжан Молдажанова
Гүлжан Молдажанова да Алматыда туған. Қарапайым отбасында өскен экс-отандасымыз физика мамандығын оқып, кейін ғылыми жолын Мәскеуде жалғастырды. Бизнестегі еңбек жолын Батыс санкциясына ілінген ресейлік миллиардер Олег Дерипасканың «Алюминпродукт» компаниясында хатшы болып бастап, «Базовый элемент» холдингінің бас директоры қызметіне дейін көтеріледі. Осы фактіге бола оны орыстілді БАҚ Аллюминий» ханшайым деп атап кеткен. 2005 жылы Ресейдегі ең ірі қаржы-өнеркәсіп топтарының бірін басқарған алғашқы әйелдердің бірі болды.

2008 жылы Forbes оны әлемдегі ең ықпалды әйелдердің қатарына енгізді. Ал 2015 жылы ол кезекті рет Ресейдегі ең қымбат 25 топ-менеджердің қатарына енген болатын.
Гүлжан Молдажанованы жақын танитындар оның қазақ тілін ұмытпағанын, тіпті жақсы сөйлейтінін, Қазақстанмен байланысын үзбегенін айтады.