Елдос Қоспаевтан тәркіленген Rolls-Royce 26,7 миллион теңгеге сатылды
Алматыда Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы ісіне байланысты тәркіленген Rolls-Royce Ghost Family көлігі бағалау құнынан шамамен 2,3 есе арзанға сатылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КӨЛІКТІҢ НАРЫҚТЫҚ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ
Автокөлік e-Qazyna электронды аукционы арқылы 26,7 миллион теңгеге өткізілді. Сауда бағаны төмендету форматындағы аукцион түрінде өтті.
Былтыр 7 тамыздағы Turan LTD ЖК есебіне сәйкес, автокөлік 62,6 миллион теңгеге бағаланған. Соған сәйкес, Rolls-Royce бағалау құнынан шамамен 2,3 есе арзанға, яғни нарықтық құнынан 35,8 миллион теңгеге төмен бағада саудаланған.
Лоттың бастапқы бағасы 187,7 миллион теңге болса, сатуға рұқсат етілген төменгі баға – 15,6 миллион теңге.
Rolls-Royce Ghost Family – 2013 жылы шығарылған, VIN-нөмірі – SCA664S00DUX39968. Есепте автокөліктің 007VIP07 мемлекеттік нөмірімен тіркелгені көрсетілген, алайда көліктің өзінде нөмірлік белгілер болмаған.
КІМГЕ САТЫЛДЫ
Лот сипаттамасында көліктің шанағы мен салоны жақсы бүлінбей, жақсы жағдайда екені, ал айналары, алдыңғы әйнегі, дөңгелектері мен жарық шамдарының жағдайы қанағаттанарлық жағдайда деп көрсетілген.
Сонымен қатар көлікте тіркеу куәлігі мен оталдыру кілті болмаған. Сондай-ақ көліктің аккумуляторын, қозғалтқышын, қосалқы дөңгелегін тексеру мүмкін болмаған. Бұдан бөлек, дөңгелек ауыстыруға арналған кілт пен домкрат та болмаған. Сату шарттарына сәйкес, құжаттарды рәсімдеу, тыйымдарды алып тастау, салықтар, айыппұлдар және өзге де төлемдер бойынша барлық шығындарды сатып алушы өз мойнына алады.
Автокөлік e-Qazyna сайтындағы электронды аукцион арқылы сатылған, ал сатып алушы – Қазақстан азаматы, жеке тұлға.
Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде сатып алушының аты-жөні жеке деректер туралы заң бойынша жарияланбады. Сонымен қатар ведомство сатып алушының бұрынғы иесімен қандай да бір байланысы бар-жоғы туралы ақпараттың жоқ екенін хабарлады.