Без рубрики

Елдегі жертөлелер мен паркингтер паналау орнына айналады

Қазақстанда жерасты кеңістіктерін паналау орнына бейімдеу талабы енгізілді. Енді жертөлелер мен паркингтер табиғи апаттар мен әскери жағдайлар кезінде халықты қорғауға арналған бункер ретінде қарастырылады. Мұны Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, жаңа талапқа сәйкес жертөлелер, паркингтер және басқа да төмен орналасқан нысандар табиғи апаттар, әскери қауіптер және дрон шабуылдары кезінде бас сауғалайтын орын ретінде пайдаланылуы тиіс.

ЖАҢА ТАЛАП

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын паналау орындарына арналған жаңа стандарт күшіне енді. Атап айтқанда, СТ РК 4016-2025 құжаты жертөлелерді, паркингтерді және басқа да жер асты үй-жайларын халықты қорғау мақсатында бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды», – делінген хабарламада.

Жаңа талапқа сай, желтөлелер мен паркингтерде желдету жүйесі, су және электрмен қамту, санитарлық жағдай жасалуы керек. Ғимараттардың техникалық жағдайы тексеріліп, қажет болса жөнделіп, күшейтіледі.

 ҚАЙ НЫСАНДАР ҚАМТЫЛАДЫ

Ведомство мұндай тәжірибе әлем елдерінде кең қолданылатынын атап өтті.

«Әлемдік тәжірибеде халықты қорғау үшін жертөлелер, цокольдік қабаттар, жерасты өткелдері мен метрополитен сияқты жер асты кеңістіктері кеңінен қолданылады. Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғанысқа арналған қорғаныс құрылыстары ретінде бейімделуі мүмкін», – дейді құзырлы орган.

Аталған жоба Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілген.

 

Back to top button